Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласында қоғамдық көлік қатынасы тоқтап тұр. Тұрғындар аудан орталығына жұмысқа жету үшін жол бойында қол бұлғап тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі 1tv.kz-ке сілтеме жасап.
«Бұрын күн-сайын қатынайтын»
Шенеуніктер мұның себебін тасымалдаушы мекеменің құжаттамалық міндеттемелерін орындамауымен қабыстырды. Дегенмен бүгінде қалааралық автобустар да қатынамайды. Белгілі болғандай, соңғы рет автобус желіге биыл көктемде шыққан.
– Қоғамдық көліктің жоқтығынан Алтай қаласынан Серебрянскіге жаяу келдім. Такси де табылмайды кейде, ал InDriver үнемі қолжетімді бола бермейді. Біле білсеңіздер, Алтай мен Серебрянск аралығы жүз шақырымнан асады, – дейді қала тұрғыны Анна Кашперова.
Тұрғындар сөзінше, бұған дейін автобустар күн сайын қатынайтын. Алайда қазір тасымалдаушы компаниядан ешқандай ақпарат жоқ.
– Автобус жүргізушілері тозығы жеткен көліктердің бөлшектерін өз қаражаттарына сатып алып, өздері жөндейтін. Біз тұрғындар болып автобус мәртебесін маршруттық таксиге ауыстыруды бірнеше рет сұрадық. Сонда жолақы 800-1000 теңгенің орнына 200-250 теңге болар еді, – дейді тағы бір тұрғын Ольга Гребнева.
Әкім не дейді?
Тұрғындар сөзінше, бұған дейін Алтай қаласына күніне екі рейс қатынайтын. Қазір бірде-бір автобус жүрмейді. Серебрянск қаласының әкімі Нұргүл Бақынованың сөзінше, қазір тасымалдаушы компанияларды іздестіріп жатыр.
– Өскемен мен Алтай қалаларындағы компанияларға да ұсыныс жібергенбіз. Біз оларға бір емес, екі рейс шығаруды ұсындық. Алайда олар әзірге өздерінің есептік мәселелерімен айналысып жатқанын айтты. Жауап күтіп отырмыз, – деді әкім.
Жеті мыңға жуық тұрғыны бар Серебрянск үшін қоғамдық көліктің тоқтауы әлеуметтік мәселеге айналды. Автобус қатынауынан үмітті тұрғындар көпшілік қолы қойылған қағаз да дайындап қойған.
Айта кетейік, осыдан төрт жыл бұрын қалаға тоғыз жаңа автобус аялдамасы орнатылған болатын.
Пікірлер