Әйелдің әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен мәліметке сәйкес, оқиға 25-шілдеде түс ауа болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сөзінше, Самар ауылындағы дәмханалардың бірінде жұмыста болғанда бұрынғы күйеуі тап берген.
– Ол маған бірнеше рет пышақ жарақатын келтірді. Мойныма пышақ тақағанда, бар күшіммен қолын қағып жіберуге тырыстым. Сол кезде ол менің құлағымның бір бөлігін кесіп үлгерді. Қазір мен ауруханадамын, – деді ол.
Айтуынша, бұрынғы күйеуі осыған дейін де бірнеше рет пышақпен қорқытқан. Қазір ол алты баласы мен өз өмірі үшін қорқатынын айтып, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан көмек сұрайтынын жеткізді.
Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
– Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Оған қатысты жәбірленушімен қандай да бір байланыс орнатуға тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – делінген ақпаратта.
Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Фото: novostivolgograda.ru
Пікірлер