Өңірдегі №73 мекеменің қызметкерлері ШҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірге сотталғанға тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қарасора-2026» және «Заслон» жедел алдын алу шаралары барысында азық-түлік сәлемдемесін тексеру кезінде пластик шейкер анықталды. Оның ішінен «Silica Gel» деген жазуы бар шағын пакет табылды.
Алайда пакет ішінде ылғал сіңіргіш емес, жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат жасырылғаны белгілі болды. Осылайша, тыйым салынған затты күдік тудырмай мекеме аумағына өткізбек болған.
Тәркіленген зат сот-химиялық сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады.
– Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар оларды жасырудың түрлі тәсілдерін қолдануға тырысады. Соған қарамастан қызметкерлердің қырағылығы мен мұқият тексеруінің арқасында мұндай әрекеттер дер кезінде анықталып, жолы кесілуде. Түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттардың жеткізілуіне жол бермеу жұмыстары ішкі істер органдарымен бірге тұрақты негізде жүргізіледі, – деді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Пікірлер