A+ A A-

talgatzhan 40 Бүгін, 10:40 0

Өскемендік жастар көп жиналатын футбол қорабы биыл жөнделе ме?

Бүгін / Өскемен / Өзекті мәселе / Спорт

Шағын футболды жаны сүйетін жігіттер бұл жерді өзара «Сигнал» деп атайды. Кейде кішігірім турнирлер өтіп, қаланың таңдаулы командалары осында бас қосатын. Бірақ қазіргі келбеті қараған адамның көңіл күйін түсіреді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әкімдік не дейді?

«Сигнал» орын тепкен мекенжай – Новаторов көшесі, 13/1 13/2, 19 аумағы. Маңайын бес қабатты үйлер қоршап тұр. Тура он жылдай бұрын кешкі шамның қосылуымен 4-5, кейде одан да көп команда жиналып, жарық сөнгенше тартысты ойын өрнегін көрсетіп жататын. Көршілердің кейбірінің ұйқы бермеді дегені болмаса, төңірегі қоқыстан ада, айналасында ішімдікке әуес тұрғындар жүрмейтін. Спортты серік еткен жастар сойқан ойын көрсетіп, арасында әралуан лига өкілдері алаңда атой салды. Кейінгі жылдары футбол қорабы ауыстырылған болатын. Бірақ мердігер сапаға мән бермей, сыртын бүтін, ішін түтін қылып кетіпті. Жастар дәл осы жерде жөндеу жүргізіліп, әкімдік өкілдері ойынға ыңғайлы етіп берсе деген тілек білдіріп отыр. Аталған футбол қорабы қай жылы орнатылып, ендігі жағдайы қалай болатыны туралы Өскемен әкімдігіне сұраухат жіберген болатынбыз. Соған сенсек, аталған мекенжайдағы футбол алаңы 2009-2010 жылдары абаттандыру жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде орнатылған.

– Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған соң футбол алаңы облыстық Білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің №19 мектеп-орталық қосымша білім беру орталығы теңгеріміне берілген. 2022 жылы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарабынан аталған футбол алаңына ағымдағы жөндеу жүргізілді, – деді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.

Ал қазір Өскемен әкімдігінің «Аумақтың басқару орталығы» КММ аталған нысанның теңгерім ұстаушысы болып саналады екен. Ол нысанды күтіп-ұстау және пайдалануды жүзеге асырады. Рашид Шерубаевтың сөзінше, ТҮКШ бөлімінің мамандары аталған нысанға тексеру жүргізіп, қажетті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтайды. Сол бойынша ақаулар ведомоствосы әзірленбек.

– Сонымен қатар футбол алаңын қалпына келтіру жұмыстарын іс-шаралар тізбесіне енгізу жоспарланып отыр. Жұмыстар жөндеу нысандары тізбесінде белгіленген кезек тәртібімен, тиісті бюджеттік қаржы бөлінген жағдайда жүзеге асырылады, – деді Рашид Шерубаев.


Қоқыс шашқандар көбейді

Бала күнінен осы жерде жаттығып, әбден үйреніскен Ерболат Жеңісхановтың сөзінше, 2022 жылы футбол қорабы ауыстырылған соң көбі алаң сапалы болады деп күтті. Бірақ арада бір жыл өтпей, торлары үзіліп, жасанды төсеніштің түгі қалмады.

– Бұл жер әншейін жиналатын орын емес. Қала бойынша мықты командалар шеберлік байқасып, түрлі турнирлер өткізілетін алаң. Қазір қаланың әр түкпіріндегі алаңдардың есігін қағып, ақылы стадиондарда бір сағат ойнап шектелеміз. Одан ұзақ ойнауға болады, бірақ кейбірінің қалтасы көтермеуі мүмкін. Оған қоса, ішімдік ішіп, қоқыс шашқандар да көбейді «Сигнал» маңында. Спортты серік еткендер жиналса, айнала да жинақы болар еді, – деді ол.

Өскемен әкімдігі ұсынған жауапта бюджет қаражатының шектеулі болуына сәйкес барлық футбол алаңын бір мезетте қалпына келтіру мүмкін еместігі жазылды. Жұмыстарды орындау кезегі нысандарды техникалық тұрғыда тексеру нәтижелеріне байланысты. Одан бөлек, тозу деңгейі мен бөлінген қаражат көлеміне қарайды.

– Қазір жаңа спорт алаңдарын, оның ішінде футбол алаңдарын салу «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Абаттандыру іс-шараларын жүзеге асыру үшін тұрғындар Өскемен қала әкімдігінің ресми интернет-ресурсы арқылы жобалық ұсыныс енгізуі қажет. Осы жерде тұрғындар дауыс береді. Ең көп дауыс жинап, көзделген бюджеттік қаржыландыру көлемі шегінде іске асырылатын жобалар тізімі дайындалады, – деді бөлім басшысының орынбасары.


Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив