A+ A A-

talgatzhan 45 Бүгін, 10:45 0

Батыстан Шығысқа жеткен дәм: Оралдан облысқа ойысқан Айжан Сарсимова Зайсанда шұжық сатады

Бүгін / Зайсан / Сұхбат

Өңірде біз байқамаған, әлі білмей жатқан еңбек адамдары мен кәсіп иелері баршылық. Олардың жүріп өткен жолы мен табысқа жетпей тұрып, тәуекелге барған сәттері өз алдына оралымды оқиға. Бұл жолы Зайсан ауданында әралуан шұжық дайындап, сауда сахнасына шығарған Айжан Мерекеқызы туралы жазбақпыз. Әдетте дүкенге кіргенде алған өніміміздің құрамына үңіліп, талпақ танаудың еті емес пе екен деп қарайтынымыз рас. Үш баланың анасы тұтынушыларға тек табиғи өнім ұсынады. Былайша айтқанда, бәрі халал, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Айта кетерлік жайт, кейіпкеріміз бір кездері заң саласында еңбек еткен. Қазір Зайсанда сұранысқа ие үй жағдайында шұжық дайындап жүрген кәсіпкер. Бұл кәсіпке декреттік демалыста жүргенде аяқ басыпты, алғашқы өнімін отбасы үшін жасаған. Бәрі қалай басталғанын, өзі қай жақтың тумасы екенін сұхбат барысында асықпай айтып берді.

 

– Ең алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз...

– Есімім – Сарсимова Айжан Мерекеқызы. 3 қыздың анасымын. Батыс Қазақстан облысының Жайық өңірінде, Орал қаласына қарасты Казталовка ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым сонда өтті.


– Оралдан Зайсанға жолыңыз қалай түсті?

– 2017 жылдың жазында болашақ жолдасыммен таныстым. 2019 жылы шаңырақ көтеріп, отбасын құрдық. Жолдасым Орал қаласында бірнеше жыл әскери салада, шекара қызметінде қаржыгер болып еңбек етті. Ол отбасында екі әпкесінен кейін дүниеге келген жалғыз ұл болғандықтан, ата-анасына жақын болуды шештік. Осылайша, өмір жолымыз бізді Шығыс Қазақстанның көрікті Зайсан қаласына алып келді. Зайсанға алғаш келгенде бұл жер мен үшін мүлде жаңа орта болды. Батыстан шығысқа қоныс аудару – үлкен өзгеріс еді. Бірақ уақыт өте келе бұл мекенді өзіме жақын тартып, Зайсанды екінші туған жерімдей қабылдадым. Бүгінде осы қалада отбасыммен бірге еңбек етіп, кәсібімді дамытып, өз үлесімді қосып келемін.

 

– Осы уақытқа дейін қандай кәсіп түрлерімен айналыстыңыз?

– Негізгі мамандығым – заңгер-кеңесші. Оқуымды тәмамдаған соң мамандығым бойынша сот саласында және АХАЖ бөлімінде маман болып қызмет атқардым. Кейін жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, алты жыл бойы кәсіппен айналыстым. Меніңше, адам өмірінде бір ғана мамандықпен немесе бір ғана кәсіппен шектеліп қалмай, өзін әр қырынан сынап көруі керек.



– Неліктен дәл шұжық жасауды кәсіп ретінде таңдадыңыз?

– Менің ойымша, декреттік демалыста отырған әр ана өзін басқа қырынан танып, жаңа дүниелерді іздей бастайды. Үшінші қызыма жүкті кезімде мен де өзіме: «Тағы қандай істі жақсы көре аламын? Қай бағытта өзімді таба аламын?» деген сұрақтар қойдым.
Осылайша, шұжық жасау кәсібіне қызығушылығым оянды. Бүгінде бұл – жаныма жақын, өз қолыммен жасап, нәтижесін көзбен көріп, адамдардың алғысын естіп қуат алатын кәсібім. Бұл кәсіпке деген қызығушылығымның тағы бір тамыры – өзімнің нағашы апамда жатыр. Орал қаласында тұратын нағашы апам да осы кәсіпті бірнеше жылдан бері дөңгелетіп, өз ісінің берекесін көріп отырған жан. Мен Батыстағы нағашы апамнан осы кәсіптің қыр-сырын үйреніп, кейін Зайсанға келіп, сол үйренгенімді өзімше дамытып, жергілікті халыққа ұсынып отырмын. Бір жағынан бұл Батыс пен Шығысты жалғап тұрған отбасылық еңбек дәстүрі сияқты. Сондықтан бұл кәсіп мен үшін жай ғана табыс көзі емес, нағашы апамнан бастау алған, еңбек жолымның жалғасы деп білемін.

 

– Бұл істі бастамас бұрын тәжірибеңіз болды ма, әлде бәрін басынан бастадыңыз ба?

– Шынымды айтсам, бұл салада нақты тәжірибем болған жоқ. Бәрін басынан бастап үйрендім. Өзім ас үйге, тамақ дайындауға жақын адаммын. Мүмкін, соның да әсері болған шығар. Алғашқы жасағанымнан-ақ қолымнан келді. Әрине, кез келген істің өз технологиясы, тәртібі мен ұқыптылығы бар. Мен де ізденіп, үйреніп, тәжірибе жинақтадым.

 

– Алғаш жасаған шұжығыңыз есіңізде ме? Қалай шықты, қандай әсерде болдыңыз?

– 2023 жылдың жаз айы болатын. Енеме ет әкеліп бересізбе дедім, акеліп берді, шамамен 10 келідей ет еді. Мен кішкентай қызымды ұйықтатып келгенше, етті жуып, тартып, тұздап қойыпты. «Еті мықты, таза ет болды, тұздап дайындап қойдым» деді. Ал шұжық жасағанда еттің тұз мөлшерін алдын ала дәл есептеу керек. Әр келі етке қажетті тұз граммен өлшеніп салынады. Сондықтан тұздалған етпен шұжық жасау – мен үшін алғашқы тәжірибе болды. Бірақ «амал жоқ» деп тоқтап қалмай, жасап көрдім. Сөйтіп, алғашқы шұжығым дайын болды. Ең қызығы – өте дәмді шықты. Үйдегілердің бәріне ұнап, сонда мен дайын өнімнің суретін әлеуметтік желідегі статусыма салдым. Ойымда кәсіп бастау деген жоқ, жай ғана өзім жасағанымды көрсеткім келген. Бірақ сол алғашқы шұжықтарымның өзі өтіп кетті. Ең қуантқаны – сол кезде сатып алған адамдардың біразы әлі күнге дейін менің тұрақты тұтынушыларым. Мен үшін бұл – ең үлкен баға.


– Кәсіп бастағанда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Кез келген кәсіптің басында қиындық болады. Менде де оңай болған жоқ. Шикізатты дұрыс таңдау, өнімді сақтау, санитарлық тазалықты қатаң сақтау, уақытты тиімді ұйымдастыру – бәрі де үлкен еңбекті талап етеді. Кейде тапсырыс көп түсіп, үйдің шаруасы мен бала тәрбиесін қатар алып жүру де оңайға соқпайды. Бірақ мен қиындықты кедергі деп емес, тәжірибе деп қабылдадым. Әрбір қиындық маған бір нәрсе үйретті. Менің басты ұстанымым – аз жасасам да, сапалы жасау.

 

– Қазір шұжықтың қандай түрлерін дайындайсыз? Шұжық дайындауға арналған арнайы орын қарастырылған ба?

– Шұжықтың түрі өте көп. Бүгінде тұтынушылар арасында сұранысқа ие сервелат, краковский, докторлық, салями секілді шұжық түрлерін дайындап жүрмін. Сонымен қатар сиыр және тауық етінен жасалған сосискилер де бар. Ең көп сұранысқа ие өнімдердің барлығы осылар. Өнім дайындайтын үйімнің жанында арнайы жеке бөлмем бар. Ол бөлме тек осы кәсіпке арналған. Жұмыс барысында тазалық пен тәртіпке ерекше мән беремін.

 – Қазір өнімді қаншадан сатып жатырсыз?

– Шұжықтың 1 келісі – 8 000 теңге. Ал бөліп сатылатын өнімдер – шамамен 2 000–3 000 теңге көлемінде. Тауық етінен жасалған сосиски – 1 келісі 6 000 теңге, бір келіде шамамен 30–35 дана болады. Сондай-ақ сиыр етінен жасалған сосиски – 1 келісі 8 000 теңге. Сонымен қатар ПП сосиски, балаларға арналған «Детский сосиски» түрлері де бар. Тұтынушыларға ыңғайлы болуы үшін өнімдерді әртүрлі көлемде ұсынамын.

 

– Шұжық жасаудағы қандай да бір құпияңыз бар шығар? Санитарлық талаптар сақтала ма?

– Шұжық дайындауда еттің температурасы өте маңызды. Мен салқын етпен жұмыс істеймін. Еттің еріп немесе қызып кетпеуін қадағалаймын. Фаршты дайындау кезінде де технологиялық тәртіпті сақтау қажет. Қоспаларды белгілі бір мөлшерде қосып, қажетті консистенцияға жеткенше дұрыс араластырамыз. Көп жағдайда өнімдер арнайы температуралық режимде, конвекциялық пеште дайындалады. Ал санитарлық талаптарға келетін болсақ, әрине, барынша қатаң сақтаймын. Уақытылы тексеруден өтіп тұрамын.


– Өнімге қолданылатын етті қалай таңдайсыз? Барлығы табиғи ма?

– Етті тұрақты түрде сенімді бір адамнан аламын. Үйімізде де мал ұстағандықтан, көбіне өз үйіміздің етін пайдалануға тырысамын. Мен үшін шұжықтың ішіндегі өнім ғана емес, оның сыртқы қабығы да маңызды. Мысалы, краковский шұжығына қой ішегін, ал кейбір өнімдерге сиыр ішегін арнайы тапсырыспен алдырамын. Алматыда жасалатын табиғи ішектерді пайдаланамын.. Сапасына өзім толық жауап бере аламын.


– Бір күнде орта есеппен қанша келі шұжық дайындайсыз?

– Қазір жұмыс кестемді белгілі бір жүйеге келтірдім. Сәрсенбі мен сенбі күндерін негізгі өндіріс күндері ретінде белгілеп қойдым. Сол күндері орта есеппен 40-50 келіге дейін жіңішке шұжық (сосиски), ал шұжықтан бір дайындағанда шамамен 10-20 келі өнім әзірлеймін. Әрине, күн сайын жасай бермеймін. Себебі тапсырыстарды алдын ала жинақтап, содан кейін бірден көлемді етіп дайындаған ыңғайлы.


– Тұтынушыларыңыз тек Зайсаннан ба, әлде басқа қалалардан да тапсырыс бере ме?

– Қазір тұтынушыларым Зайсан қаласынан бөлек, Өскемен, Астана, Алматы қалаларынан да тапсырыс беріп жатады. Ең қызығы – Зайсаннан алыста жүрген ата-аналар балаларына арнайы тапсырыс беріп жібереді. Кейбір тұтынушы туған-туыстарына апару үшін алады. Ал Зайсанға басқа қалалардан қонаққа келген туыстарына «Зайсанның дәмін» сыйлық ретінде алып кететіндер де бар.


– Қазір кәсіптен бөлек қандай арманыңыз бар? Бәлкім кеңейткіңз келетін шығар? Көмекшілеріңіз бар ма?

– Шұжық кәсібінен бөлек, менің тағы бір сүйікті ісім бар. Ол – балаларға арналған ерте даму және түзету орталығы. Зайсанға алғаш көшіп келгенімде қыздарымды апарып, баланың дамуына жан-жақты жағдай жасайтын орталық іздедім. Бірақ ол кезде ерте даму, (развивашка) сағаттық бала күтушсі дегендер болмады. Содан кейін «Неге өзім осындай орталық ашпасқа?» деген ой келді. Осылайша, бүгінде орталығымызда логопед, АФК, логомассаж, ерте даму бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар сағаттық бала күтушісі қызметі де бар. Шұжыққа келсек. қазір өнім көлемі көбейген кезде маған ең үлкен көмек көрсететіндер – өз отбасым. Енем жіңішке шұжықтарды бөліп, дайындауға көмектеседі. Жолдасым ішекке толтырып, өлшеуге көмектеседі. Ал бастауыш сыныпқа баратын тұңғыш қызым дайын өнімдерді вакуум қаптамасына салып көмектеседі. Меніңше, баланы еңбекке тәрбиелеу – ең үлкен тәрбие. Еңбекпен келген нанның қадірі бөлек.

 

– Бәсекелестік көп пе? Сізді кәсібіңізде өзгелерден ерекшелендіретін не?

– Әрине, кез келген кәсіпте бәсекелестік болады. Бірақ мен өзімді өзгелермен салыстырып, бәсекелес іздегеннен гөрі, өз өнімімнің сапасын арттыруға көбірек көңіл бөлемін. Менің өнімдерімді ерекшелендіретін ең басты нәрсе – үй жағдайында дайындалуы, табиғи өнімдерге басымдық берілуі және әр өнімге өзімнің жеке бақылауымның болуы. Мен бір нәрсені тұтынушыға ұсынбас бұрын, ең алдымен оны өз отбасыма ұсынамын.


– Біреу «үйде жасалған шұжық пен дүкендегінің айырмашылығы жоқ» десе, не деп жауап берер едіңіз?

– Меніңше, айырмашылығы бірден байқалады. Ең басты айырмашылық сол, оның жасалу әдісі мен оған деген жауапкершілікте. Үй жағдайында дайындағанда өнімнің әр кезеңін өзің бақылайсың: етті өзің таңдайсың, құрамын өзің білесің, дәмін өзің реттейсің, тазалығына өзің жауап бересің. Ал мен үшін ең маңыздысы – өнімді өз балаларыма да еш алаңдамай ұсына алуым.


– Жұмыс қысы-жазы тоқтамайды иә? Шұжықты қай жерде сатасыз?

– Иә, жұмысымыз жыл он екі ай тоқтамайды. Әр маусымның өз сұранысы бар. Көктем мен жаз айларында, әсіресе табиғат аясына шығатын кезде сосискилерге сұраныс артады. Ал қыста үйге қонақ көп жиналады. Сондай кездерде шұжықты салқын тіскебасар ретінде дастарханға қоюға болады. Негізгі тапсырыстарды әлеуметтік желідегі жеке парақшам арқылы қабылдаймын.

– Өз кәсібін бастағысы келетін жандарға қандай кеңес бересіз?

– «Бастауға қорықпаңыздар!» дер едім. Кейде адам бір істі бастау үшін бәрі дайын болғанын күтеді. Қолда көп қаражат болсын, тәжірибе толық болсын, жағдай жасалсын деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, ең маңыздысы – ниет пен алғашқы қадам. Мен өз кәсібімді бастағанда «бір күні менің өнімдерімді Зайсаннан тыс жерлердегі адамдар да іздеп тапсырыс береді» деп ойлаған жоқпын. Ал қазір басқа қалалардан тапсырыс келген сайын, өзіме тағы бір мәрте: «Еңбегің еш кетпепті» деп ойлаймын. Менің түсінгенім – адам өзіне ұнайтын істі шын жүрегімен жасаса, оның еңбегі міндетті түрде біреудің жүрегіне жетеді. Ал адал еңбек пен шынайы ниет бар жерде береке де болады.


– Сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз. Ісіңіз алға баса берсін!

– Сізге де рақмет!


Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив