Кеше 19 жас офицер облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
17 лейтенант ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясын, тағы екеуі Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарын тәмамдады. Олар төрт жыл бойы арнайы дайындықтан өтіп, енді Күршім және Зайсан аудандарындағы шекара басқармаларында қызметтерін бастайды.
- Сіздер оңай емес, бірақ аса маңызды мамандықты таңдадыңыздар. Ел қауіпсіздігі, азаматтарымыздың тыныштығы және мемлекеттік шекара өздеріңізге сеніп тапсырылды. Сондықтан сабырлық, тәртіп, жауапкершілік және антқа адалдық аса маңызды. Алған білімдеріңіз бен дайындықтарыңыз өз міндеттеріңізді абыроймен орындауға көмектесетініне сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстанға жас кәсіби кадрлардың қажет екенін және оларға қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде жас лейтенанттар өңір басшысына кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, әскери борыштарын адал әрі абыроймен атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.
Пікірлер