Халықаралық жастар күніне орай Астанадағы Alem.AI Event Zone алаңында «МАЗМҰН: Мағынадан басталатын контент» республикалық жастар конференциясы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара жас контент жасаушылардың, мемлекеттік орган өкілдерінің, медиа, білім және цифрлық технологиялар саласындағы сарапшылардың басын қосты.
Жиында сапалы қазақтілді контентті өркендету, жаңа медианың қазіргі қоғамдағы рөлі, жасанды интеллектіні шығармашылық пен қызметте пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.
Бағдарлама Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына экскурсиядан басталды. Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақсат Жұмабай елдің әр өңірінен келген жастарға құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста түрлі салада жетістікке жеткен спикерлер сұранысқа ие контент әзірлеу, жеке брендті қалыптастыру, қазақ тілін цифрлық кеңістікте ілгерілету және заманауи технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті.
Креативті индустрия, баспа ісі, дубляж және жасанды интеллект мамандарының баяндамалары аудиторияның айрықша қызығушылығын тудырды. Жастар сарапшыларға толғандырған сауалдарын қойып, келешек жобаларға қатысты ой алмасты.
Конференцияның маңызды бөлігінің бірі – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан берілген алғыс хаттарды табыстау рәсімі. Марапат иелерінің қатарында Шығыс Қазақстан облысының жастары да бар. Олар – Марқакөл ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Назерке Жанатова, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ректорының түлектермен жұмыс жөніндегі кеңесшісі Жандос Базарқат, Зайсан ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Саягүл Болатқызы.
Пікірлер