A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 14:30 0

ШҚО-да «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін / ШҚО

Еңбек әулеттері, тәжірибелі тәлімгерлер мен жас өндіріс қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2026 жылы байқауға 34 қатысушы қатысты. Оның ішінде 6 еңбек әулеті, 13 тәлімгер және 15 жас маман бар.

Байқаудың басты мақсаты – еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, еңбек дәстүрлерін сақтау, тәлімгерлікті дамыту және жастарға кәсіби еңбектің маңызын көрсету.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша бірінші орынды Фатеевтер–Линкер әулеті – «Өскемен құс фабрикасы» АҚ (Ұлан ауданы) иеленді. Әулет құрамында 25 адам бар, олардың жалпы еңбек өтілі 307 жылды құрайды.

Екінші орынға Жүсіповтер әулеті – «Бірыңғай энергетикалық сервистік компания» АҚ (146 жыл еңбек өтілі, 8 адам), үшінші орынға Тұрдыбековтер әулеті – «Бірыңғай энергетикалық сервистік компания» АҚ (120 жыл, 5 адам) ие болды. Ал төртінші орын «Үлкен Нарын орман шаруашылығы» КММ ұсынған Қосаевтар әулетіне бұйырды (62 жыл, 4 адам).

«Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациясында бірінші орынды «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизоры Татьяна Олейникова иеленді.

Екінші орын – «ГРК МЛД» ЖШС (Марқакөл) маманы Ильяс Исбаевқа, үшінші орын – «Адал» шаруа қожалығының (Самар ауданы) механизаторы Әсет Әбдірахмановқа берілді.

«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында бірінші орынға Самар ауданындағы «Нургазин» шаруа қожалығының механизаторы Нұрсұлтан Онлабаев лайық деп танылды.

Екінші орынды «Қазцинк Риддер» ЖШС Долинный кенішінің маркшейдері Наталья Трусова, үшінші орынды «Шығыс Жылу» АҚ гидравликалық есептеулер жөніндегі инженері Алида Бакинбаева иеленді.

Облыстық кезеңнің жеңімпаздары – Фатеевтер–Линкер әулеті, Татьяна Олейникова және Нұрсұлтан Онлабаев байқаудың республикалық кезеңіне қатысуға ұсынылды.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан «Еңбек жолы» байқауында дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2017 жылдан бері облыс өкілдері республикалық кезеңде алты рет жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олардың қатарында Филипповтер, Сағадиевтер, Белогорцевтер, Ковалевтер, Аушиновтар және Деминдер әулеттері бар. 2025 жылы Деминдер әулеті республикалық кезеңде бірінші орынға ие болды.

«Еңбек жолы» – өз еңбегімен өңірдің болашағын қалыптастырып, кәсіби дәстүрлерді сақтап, тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген адамдарды дәріптейтін байқау.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив