Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналғандарды мерекемен құттықтады.
- Спорт денсаулықты нығайтуда, жастарды тәрбиелеуде, мінез-құлық, тәртіп пен командалық рухты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінде өңірде 1,6 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді, ал спортпен 315 мың тұрғын тұрақты түрде шұғылданады. Бұл облыс халқының 45 пайызын құрайды,- деді өңір басшысы.
Жиын барысында облыс әкімінің жүлдесіне арналған 2026 жылғы Халық спорты ойындарының қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде бірінші орынды Өскемен қаласының, екінші орынды Глубокое ауданының, ал үшінші орынды Күршім ауданының командасы иеленді.
Сондай-ақ Халық спорты ойындарын сапалы ұйымдастырып, өткізгені үшін Катонқарағай және Ұлан аудандарының әкімдері Данияр Дүйсембаев пен Арман Бекбосынов марапатталды.
Дәл осы күні сала ардагерлері, ірі спорттық додаларға қатысып жүрген жаттықтырушылар мен спортшылар да марапатталды. Атап айтқанда, КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанәділ Атаев пен Қазақ КСР спорт шебері, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Речицкий ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Фаина Мейірманова жеңіл атлетикадан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағына ұсынылды.
Халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшыларға да құрмет көрсетілді. Грек-рим күресінен спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері әрі Азия чемпионы Темірлан Тұрдақынға ақшалай сертификат табысталды. Осындай сертификат оның жеке жаттықтырушысы Данияр Әбіловке де берілді.
Биыл ел тарихында алғаш рет командалық семсерлесуден әлем чемпионы атанған шығысқазақстандық семсерлесу мектебінің өкілдері Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов пәтер сертификаттарына ие болды. Ал чемпиондардың жаттықтырушылары Сергей Шабалинге, Ксения Вендерскихке және Данияр Әбіловке спортшыларды дайындағаны үшін ақшалай сертификаттар берілді.
Спорт саласын қолдауға және дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев, Марат Мұзапаров, Сымбат Дүйсенғазин, Ришат Ахметов және ШҚО Семсерлесу федерациясының президенті Игорь Грязнов марапатталды.
Мерекелік іс-шара өңірдің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасты.
Пікірлер