
ҰБТ – өмірдің соңы емес: жоғары балл неге грантқа кепілдік бермейді?
Мектеп бітіруші түлек үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу – білім жолындағы маңызды кезеңдердің бірі. Бірнеше жыл бойы дайындалып, жинаған білімі бір күнде сыналатындықтан, ҰБТ нәтижесі жасөспірімнің психологиялық жағдайына да әсер етеді. Бұл материалда ҰБТ-дан кейінгі кезеңде күйзеліске түспеудің жолдары, мамандықты дұрыс таңдаудың маңызы және жыл сайын артып келе жатқан бәсекелестік туралы оқи аласыздар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
75 мыңнан астам түлек грант иегері атанды
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл негізгі ҰБТ-ға еліміз бойынша 233 мың талапкер қатысты. Тестілеу 140 балдық жүйемен бағаланады. Талапкерлер математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы бойынша міндетті үш пәннен, таңдаған мамандығына сәйкес екі бейіндік пәннен сынақ тапсырды.
Шығармашылық бағыттағы мамандықтарды таңдаған түлектердің тәртібі өзгеше. Олар ҰБТ кезінде оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихынан тест тапсырып, қалған нәтижені жоғары оқу орнында өткізілетін шығармашылық емтихан арқылы жинайды.
ҰБТ-ға дайындықты оқушылардың бірі бір жыл бұрын бастаса, енді бірі екі-үш жыл бұрын қолға алады. Соңғы жылдары талапкерлерді тестілеуге дайындайтын білім беру орталықтарының да саны артқан. Курстардың бағдарламасы мен бағасы әртүрлі. Біз Қазақстандағы және Өскемендегі бірнеше оқу орталығының қызметіне шолу жасап, дайындық құны қанша екенін сұрап көрдік.
Алдымен Өскемендегі «Достық» білім беру орталығына хабарластық. Мұнда талапкерлер екі бейіндік пән, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы бойынша жүйелі түрде дайындала алады. Ал оқу сауаттылығына тек шығармашылық бағытты таңдаған түлектерді дайындайды. Орталықтағы шығармашылық бағыт бойынша дайындық құны – 30 мың теңге. Ал екі бейіндік пән, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы бойынша оқу ақысы – 78 мың теңге.
Ал «eduser.online» орталығында бес пән бойынша дайындық – 45 990 теңге. Қазақстандық оқушылар арасында жоғары нәтижелерімен танылған «Juz40» білім беру орталығында бес пәннен дайындалу құны – 65 мың теңге.
Курс бағасы әртүрлі болғанымен, талапкерлер мен ата-аналарды қызықтыратын басты мәселе – оның нәтижесі. Мәселен, биыл «Juz40» білім беру орталығының жеті оқушысы ҰБТ-дан 140 балдың 140-ын жинап, түрлі сыйлықтарға ие болды. Алайда жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға қымбат сыйлықтар беру әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір ата-аналар мұндай тәсіл баланың білім алуға деген ынтасын материалдық қызығушылыққа айналдырып жіберуі мүмкін деп есептейді.
- Негізі, баланы олай жаман үйретуге болмайды. Мотивация болу керек. Дегенмен 11-сыныпты тәмамдаған балаға бірден пәтер әперу, көлік сыйлау дұрыс емес сияқты. Оны көрген басқа балалар шынайы білімге емес, байлыққа қызығып оқып кетуі де мүмкін. Өз басым мұнымен келіспеймін, - деді Өскемен қаласының тұрғыны Сандуғаш Беркімбай.
Ал ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушылардың пікірі басқа. Мәселен, «Juz40» білім беру орталығының оқушысы Алида Серікқызының сөзінше, мұндай марапаттың еш әбестігі жоқ.
- 140 балл алған оқушыларға түрлі сыйлықтар беру – жаман емес. Бұл баланың оқуына нұқсан келтіреді деп ойламаймын. Керісінше, қосымша мотивация беруі мүмкін. Оның несі жаман? Мысалы, кейбір ата-аналар да баласына: «Сабағыңды 5-ке оықсаң, саған мынаны алып береміз» деп мотивация береді ғой. Менің ойымша, екеуінің айырмашылығы жоқ, – деді Алида Серікқызы.
Алида ҰБТ-ға дайындықты салыстырмалы түрде кеш бастағанын айтады. Алғашында химия-биология комбинациясын таңдаған. Оның айтуынша, екі пән бойынша курсқа жеңілдікпен 28 800 теңге төлеген.
Сонымен, негізгі ҰБТ аяқталып, мемлекеттік білім грантының иегерлері анықталды. Ресми мәлімет бойынша биыл 75 мыңнан астам талапкер тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Олардың арасында ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясының көшін математика–физика бастады. Одан кейін биология–химия комбинациясы тұр. Ал үздік үштікті шығармашылық бағыттар толықтырды. Ал талапкерлер ең аз таңдаған комбинациялар қатарында химия–физика және орыс тілі–орыс әдебиеті бар. Дегенмен жоғары балл жинаған талапкерлердің арасында да гранттан қағылғандар бар. Кейбір түлектер 112-129 балл алғанымен, қалаған мамандығына грантқа түсе алмағанын айтып, әлеуметтік желіде өз наразылығын білдірді.
«Жоғары баллмен грантқа түсе алмадым»
Шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлердің бірі – Аида Русланқызы. Жас түлектің көрсеткен нәтижесі қалаған мамандығы бойынша грантқа түсуіне жетпеді.
- Ұлттық бірыңғай тестілеуден 22 балл, ал шығармашылық емтихандардан 100 балл жинадым. Өкінішке қарай, менің мамандығым бойынша грантқа соңғы адам 124 баллмен түсіпті, – деді ол.
Байқағанымыздай, грантқа түсу үшін балдың өзі ғана емес, сол балдың нақты мамандықтағы бәсекелестер арасында қандай деңгейде тұрғаны маңызды. Мұндай жағдайда өз ісінің мамандарына жүгініп, алдын ала зерттеу жүргізген жөн.
- Грант конкурсын мектептегі бағамен немесе ҰБТ-ның абсолютті нәтижесімен ғана салыстыруға болмайды. Себебі талапкер белгілі бір мамандық пен білім беру бағдарламасына конкурсқа түседі. Мысалы, бір талапкер 120 балл жинап, бәсекесі өте жоғары мамандыққа грантқа түсе алмауы мүмкін. Ал басқа талапкер дәл сондай немесе одан төмен баллмен бәсекесі салыстырмалы түрде аз бағытта грант иеленуі ықтимал, - деді профориентолог Санжар Қуан.
Яғни, «120 баллмен міндетті түрде грант ұтамын» деген тұрақты шек жоқ. Оның сөзінше, грантқа түсу балы жыл сайын өзгеріп отырады. Оған бірнеше фактор әсер етеді.
- Біріншіден – мамандыққа сұраныс. Белгілі бір мамандықты таңдайтын талапкерлер саны көбейген сайын, грант үшін бәсеке де артады. Екіншіден – бөлінген грант саны. Мамандыққа қанша мемлекеттік грант бөлінетіні конкурс нәтижесіне тікелей ықпал етеді. Үшіншіден – талапкерлердің нәтижесі. Егер белгілі бір бағыт бойынша биыл жоғары балл жинаған талапкерлер көп болса, өту балы да жоғарылауы мүмкін, - деді ол.
Ал грантқа іліге алмаған түлектердің жазбаларына қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева түсініктеме берді. Оның айтуынша, кей талапкерлер өздерінің не себепті грантқа өтпегенін түсінбей қалуы мүмкін. Мысалы, үміткердің балы 78 болып, сол мамандық бойынша дәл осындай балл жинаған талапкерлердің грант алғанын көруі мүмкін.
- Гранттарды бөлу кезінде «Алтын белгі» иегерлеріне, құрмет грамотасы бар түлектерге және жұмыс тәжірибесі бар колледж түлектеріне басымдық беріледі, – деді Жанна Есінбаева.
Сарапшылар болашақ түлектерге мамандыққа деген сұранысты да ескеруге кеңес береді.
Бір мамандыққа сұраныс артса, не өзгереді?
Мәселен, белгілі бір мамандықты биыл жүздеген талапкер таңдады делік. Ал оған бөлінген грант саны шектеулі. Бұл жағдайда грант талапкерлер арасында ең жоғары нәтижелерден бастап бөлінеді.
- Сондықтан 130 балл жинаған талапкердің грантқа түсу мүмкіндігі жоғары болғанымен, бұл оның кез келген мамандыққа автоматты түрде қабылданатынын білдірмейді. Керісінше, бәсекесі жоғары мамандыққа 120 балл жинаған талапкер гранттан тыс қалуы мүмкін. Бұл жерде мәселе талапкердің нашар нәтиже көрсетуінде емес. Оның нәтижесі сол жылғы конкурс жағдайында жеткіліксіз болуы мүмкін, - деді профороиентолог Санжар Қуан.
ҰБТ нәтижесі мен грант конкурсы — жас түлектің болашағын толық анықтайтын жалғыз фактор емес. Талапкердің алдында ақылы бөлімде оқу, келесі тестілеуге қайта дайындалу сияқты түрлі жол бар.
- ҰБТ-дан күткенінен төмен балл жинаған талапкер ең алдымен өз нәтижесін жеке тұлғалық бағасына айналдырып алмауы керек. Яғни, «Менің баллым төмен. Демек. мен қабілетсізбін» деген ой дұрыс емес. Емтихан нәтижесі адамның ақылын, талантын немесе болашақтағы мүмкіндігін толық анықтамайды. Мұндай сәтте уайымдау, көңіл-күйдің түсуі — қалыпты эмоционалдық реакция. Алайда талапкер өзіне біраз уақыт беріп, эмоциясын басып алғаннан кейін жағдайды саралағаны маңызды. Қай пәннен қате көп кеткенін, дайындық барысында қандай қиындық болғанын талдап, алдағы мүмкіндіктерін қарастырған жөн. Қажет болса, қайта тапсыру, басқа білім беру бағдарламаларын қарастыру немесе балама оқу орындарын таңдау сияқты бірнеше жоспар құруға болады. Ата-аналардың да бұл кезеңдегі рөлі өте маңызды. Талапкерді басқа балалармен салыстыру, «Пәленшенің баласы жоғары балл алды» деп қысым жасау оның уайымын күшейтуі мүмкін. Оның орнына «Қандай нәтиже болса да, бірге шешімін табамыз» деген қолдау көрсету әлдеқайда пайдалы, - деді психолог Айнаш Жақиянова.
Гранттан қағылу – мүмкіндіктің аяқталғаны емес
Мемлекеттік грантқа ілігу мүмкін болмаған жағдайда талапкерлер үшін өзге де мүмкіндіктер бар. Мәселен, биыл Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне 115 білім грантын бөлді. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының және басқа да қосымша мүмкіндіктерді пайдалануға болады.
Дегенмен жыл сайын ҰБТ-дан жоғары балл жинайтын түлектер саны артып келеді. Бұл грант конкурсына түсу бәсекесін де күшейтіп отыр. Сондықтан талапкер үшін тестілеуге тыңғылықты дайындалумен қатар, мамандық пен жоғары оқу орнын дұрыс таңдау да маңызды.
Біз Өскемендегі Шәкәрім атындағы №1 мектептің түлегі, ҰБТ-дан 133 балл жинаған Айнара Қуанышқызымен тілдестік. Ол С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне грантқа түсті. Айнараның айтуынша, университет таңдауда ең алдымен мамандықтың оқу мерзімін, шекті балын және өткен жылғы бәсекелестік деңгейін зерттеген.
- Астана мен Алматы ірі қалалар болғандықтан, ол жақта бәсекенің жоғары екені анық. Сол себепті алдыңғы жылы кімнің қанша баллмен түскенін қарап, соған сай төрт университетті таңдадым. Нақты грант иегері атану үшін жоғары оқу орны мен мамандықты дұрыстап зерттеу қажет. Себебі әр оқу орнының шекті балы және соңғы грант алған талапкердің жинаған балы әртүрлі, – деді Айнара Қуанышқызы.
Талапкер ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптың соңынан бастаған. Күніне орта есеппен бес-алты сағатын сабаққа арнаған.
- ҰБТ-да жоғары нәтижеге жету үшін онлайн курстарға жазылуды дұрыс деп санадым. Оффлайн курстарға қарағанда оның басты артықшылығы – уақытты үнемдеу. Дайындыққа шамамен 300-400 мың теңге жұмсадым. Осы қаражатқа жүйелі түрде дайындалдым, – деді ол.
Ақылы оқу қанша тұрады?
Ал грантқа түсе алмаған жағдайда талапкерді тағы бір маңызды мәселе күтеді. Ол – ақылы оқу құны. Әсіресе Астана мен Алматы сияқты ірі қалалардағы жоғары оқу орындарында білім алу отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ салуы мүмкін. Ондағы беделді университеттерде бір жылдық оқу ақысы миллион теңгеден басталады.
Ал өңірлердегі оқу құны мегаполистермен салыстырғанда біршама төмен болғанымен, мұнда да баға жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіндегі оқу ақысының өзгерісіне назар аударсақ, 2023 жылы оқуға түскендер үшін жылдық төлем 600 мың теңге болған. 2024 жылы бұл сома 660 мың теңгеге, 2025 жылы 690 мың теңгеге жетті. Ал биыл бір жылдық оқу ақысы шамамен 750 мың теңге болады деп күтілуде. Университет баспасөз қызметінің хабарлауынша, жағдайға байланысты жеңілдіктер қарастырылады.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер