Жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 5,89 млн жас бар. Бір жыл ішінде олардың саны 69,4 мың адамға немесе 1,2%-ға өскенімен, жастардың халықтың жалпы санындағы үлесі өзгеріссіз қалып, 28,7%-ды құрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысында жастар халықтың 23,4%-ын құрайды. Бұл – өңірлер арасындағы ең төмен көрсеткіш. Бір жыл ішінде өңірде жастар саны 1,4%-ға қысқарды.
Жастардың ең жоғары үлесі Шымкентте – 31,6%, Астанада – 31,5%, Түркістан облысында – 31,4% және Алматыда – 31,1% тіркелді. Облыстар арасында Маңғыстау – 29,8%, Қызылорда – 29,5%, Атырау және Жамбыл облыстары – 29,4%-дан көрсеткіштерімен ерекшеленеді.
Жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанда жас ерлердің саны 3,01 млн адамға жетті. Жас әйелдердің саны – 2,88 млн.
Жастар санының негізгі өсімін қалалар қамтамасыз етті. Қала жастарының саны 91,4 мың адамға немесе 2,5%-ға артып, 3,76 млн адамға жетті. Ал ауылдарда бұл көрсеткіш керісінше 22 мың адамға немесе 1%-ға төмендеп, 2,13 млн адамды құрады.
Өңірлер бөлінісінде жастардың ең көп саны Алматыда – 729,2 мың, Түркістан облысында – 675,6 мың және Астанада – 516 мың адам тұрады. Одан кейін Алматы облысы – 447,2 мың, Шымкент – 409,2 мың және Жамбыл облысы – 357,1 мың адам.
Жастар саны ең аз Ұлытау облысында – 59,7 мың, Солтүстік Қазақстан облысында – 125,2 мың және Абай облысында – 148 мың адамды құрайды.
Шығыс Қазақстан жастар саны қысқарып жатқан өңірлердің қатарына кірді. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысында – 2,3%-ға, Абай облысында – 1,5%-ға және Қостанай облысында – 1,3%-ға төмендеу байқалды.
Пікірлер