ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратынша, өңірде «AK Metal» ЖШС басшысы Д.К. Бектемиров бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тергеу мәліметінше, серіктестікке берілген лицензия тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат еткен. Алайда зертханалық және технологиялық зерттеу деген желеумен темір кені мен темір кені концентраты өнеркәсіптік көлемде өндіріліп, кейін Қазақстанда және шетелде сатылған.
- Кен өндіру жұмыстарының салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, жердің табиғи бедері мен ландшафты өзгерген, тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған. Бұл аумаққа елеулі техногендік әсер тигізген. Жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Қылмыстық жолмен алынған табыс 1 млрд теңгеден асқан. Сотталған адам осы қаражатқа қымбат активтер сатып алған: Land Rover көлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орны және Алматы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесі, - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми мәліметінде.
Сот құны 1 млрд теңгеден асатын бұл мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер