Өңірде учаскелік полиция инспекторы жол бойында көлік тоқтатуға тырысқан америкалық саяхатшыға көмектесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлан ауданының учаскелік инспекторы Нұрдәулет Тетепов Алматы – Өскемен тасжолының 23-шағынауданы маңынан арқасына үлкен сөмке асынған жігітті байқап, тоқтаған. 23 жастағы АҚШ азаматы Спенсер Қазақстанды автостоппен аралап жүргенін және Алматыға қарай бағыт алғанын айтқан.
Полицей саяхатшыны стационарлық полиция бекетіне дейін жеткізіп, сол жерден әрі қарай көлік табуына көмектесті. Көп ұзамай бір жүргізуші америкалық азаматты Жарма ауданына дейін жеткізіп салуға келіскен. Осы жерден Спенсер сапарын Алматы бағытына жалғастырған.
Саяхатшы Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін айтып, жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы мен ақжарқындығын ерекше атап өткен.
Айта кетейік, бұл Нұрдәулет Тетеповтің азаматтарға көмектескен алғашқы жағдайы емес. 20 тамызда Қасым Қайсенов кентінде ол кәріз құдығында есінен танып қалған екі жұмысшыны құтқаруға қатысқан. Полицей құдыққа түсіп, жұмысшыларды сыртқа шығарып, оларды жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Бұл жағдайлар учаскелік инспектордың қызметтік міндетімен қатар, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге де дайын екенін көрсетті.
Пікірлер