
23 тамызда елде Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Дауыс беру республика бойынша 10 423 сайлау учаскесінде ұйымдастырылды. Қазақстандағы сайлаушылардың жалпы саны 12 млн 623 мың 289 адамды құраса, оның 9 млн 351 мың 539-ы дауыс беруге қатысты. Ал Құрылтай депутаттығына «Ақ жол», ЖСДП, «Әділет», Қазақстан халық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және Respublica партияларының өкілдері үміткер болды. 145 депутаттық мандатқа барлығы 545 кандидат тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көптен күткен күн
Ел бойынша дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталды. Барлық сайлау учаскесі осы уақытта ашылып, алғашқы болып келгендерді қарсы алды.
Дауыс беру орындарының 79-ы Қазақстанның 61 шет мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылды. Жапония мен Оңтүстік Кореядағы сайлау учаскесі Астана уақытымен сағат 03:00-де жұмысын бастап кетті. Ең соңғы болып АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы елдің Бас консулдығы жанындағы сайлау учаскесі Астана уақытымен 19:00-де ашылды.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс берді.
- Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауынан кейін Үкіметтің отставкаға кететінін және құрамында бірқатар өзгеріс болатынын айтты.
- Дүниежүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарықтың сын-қатерлеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді, – деді Президент.
Сондай-ақ ол Вице-Президент лауазымы туралы атап өтті.
- Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтіп жатқан күні жалпыұлттық онлайн-марафон болды. Медиажоба сайлау барысы туралы жан-жақты ақпарат беруге бағытталды. Тікелей эфир сағат 09:00-де басталып, түнгі 00:30-ға дейін жалғасты. 16 сағат бойы көрерменге сайлау процесінің барысы туралы жедел ақпарат, сарапшылардың пікірлері, тікелей қосылымдар, арнайы репортаждар мен түрлі форматтағы бағдарламалар ұсынылды.
Шығысқазақстандықтар белсенділік танытты
Маңызды күннен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да қалыс қалмады. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде дауыс беруге қатысу құқығына ие 485 873 сайлаушы тіркеліп, 534 сайлау учаске жұмыс істеді. Саяси науқанды ұйымдастыруға 14 аумақтық сайлау комиссиясы мен 3 790 комиссия мүшесі жұмылдырылды. Сондай-ақ облыс бойынша 548 есептен шығару куәлігі берілді.
Сайлау учаскелері дауыс беру процесін өткізу үшін қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Ал алғашқы болып дауыс берген сайлаушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов отбасымен бірге №1193 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ол сайлаудың ел өміріндегі маңызына тоқталып, бұл күннің Қазақстанның дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
- Бүгін елімізде маңызды тарихи күн өтіп жатыр. Құрылтай депутаттарының сайлауы – жай ғана дауыс беру емес, елдің дамуы, азаматтық қоғамды нығайту және саяси мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бұл күн жаңа реформаларды жүзеге асыруға, Қазақстанның қазіргі тарихында жаңа парақ ашуға негіз болады. Бүгін менімен бірге әкем, жұбайым және жиенім дауыс беріп жатыр. Мен үшін балалардың кішкентай кезінен бастап елімізде не болып жатқанын, осындай маңызды саяси процестердің қалай өтетінін түсінуі маңызды. Олардың тарихи маңызы бар оқиғалардың куәсі болып, жастайынан жоғары азаматтық мәдениет пен саналы көзқарас қалыптастырғанын қалаймын, - деді Нұрымбет Аманұлы.
Жалпы, сайлау күні жастардан бастап қарияларға дейін дауыс берді. Олардың қатарында барлық қала және аудан әкімдері, қоғам белсенділері, түрлі мекеме және ұйым өкілдері, ел намысын қорғап жүрген спортшылар, білім, мәдениет және денсаулық сақтау саласының өкілдері, көпбалалы отбасылар мен тыл ардагерлері бар.
Өңірдегі әр сайлау учаскесінде қызу жұмыс жүрді. Мысалы, Өскемендегі №1193 сайлау учаскесінде жәрмеңке өтті. Концерт ұйымдастырылып, арнайы фотозона қойылды. Сондай-ақ аймақтағы сайлау учаскелерінің маңында тұрғындарға бауырсақ пен ыстық шай таратылды.
Маңызды саяси науқанға ұлттық киіммен келгендер де болды. ШҚО Драма және оперетта театрының ұжымы №39 сайлау учаскесіне ұлттық киім киіп келіп, азаматтық белсенділік көрсетті. Мәдениет өкілдері ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен ел өміріндегі маңызды саяси процестерге қатысу қатар жүретінін атап өтті.
– Бүгін сайлауға арнайы келіп, дауыс бердік. Қазақстанның болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Әр азамат елдің қоғамдық-саяси өміріне бейжай қарамай, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруі маңызды деп ойлаймын, – деді ШҚО Драма және оперетта театрының труппа меңгерушісі Айжан Сәдуақасова.
Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен сарбаздары да Құрылтай сайлауына қатысты. Мыңға жуық сарбаз №58 жабық сайлау учаскесінде дауыс берді.
Қорытындысы қалай?
Сағат 20:00-де елде Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталып, сайлау учаскелері жабылды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы халқының 87,50%-ы дауыс берді. Бұл өңір тұрғындарының азаматтық белсенділігі мен ел ертеңіне бей-жай қарамайтынын көрсетеді.
25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлаудың қорытындысын жариялады. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, дауыс беруге 9 351 539 азамат қатысты. Сайлаушылардың алдын ала қатысу көрсеткіші 74,08 % болды.
«Әділет» партиясына 6 528 948 сайлаушы немесе дауыс бергендердің 71,17%-ы қолдау білдірді;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға (ЖСДП) 469 058 сайлаушы немесе 5,11% дауыс берді;
«Байтақ» жасылдар партиясын 97 751 сайлаушы немесе 1,07% қолдады;
Қазақстан Халық партиясына 285 395 дауыс немесе 3,11% берілді;
«Ауыл» партиясына 574 621 сайлаушы немесе 6,26% дауыс берді;
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясын 478 083 сайлаушы немесе 5,21%-ы қолдады;
Respublica партиясына 509 631 сайлаушы немесе 5,56% дауыс берілді;
Сонымен қатар сайлаушылардың 2,51%-ы «бәріне қарсымын» нұсқасын таңдады.
Мандаттар партиялар арасында былай бөлінді:
- «Әділет» партиясы – 110 мандат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) – 8 мандат;
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 10 мандат;
- Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 8 мандат;
- Respublica партиясы – 9 мандат.
Сайлау қорытындысы бойынша екі партия – Қазақстан Халық партиясы мен «Байтақ» партиясы Құрылтайға өте алмады.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер