
Көрпеңе қарай көсіл: Шығыс Қазақстанда той жасау қанша тұрады?
Жаз маусымы – тойдың қызатын шағы. Сұраныстың артуына байланысты банкет залы, той көйлегі, асаба, фотограф, безендіру мен өнерпаздардың қызмет ақысы да қымбаттай түседі. Соңғы жылдары сән-салтанатқа мән беріп, ауқымды той жасау үрдісі күшейді. Тіпті кейбір отбасылар қуанышты күнін өткізу үшін несие алып, қарызға батуға мәжбүр. Бұл жағдай қоғамдағы ысырапшылдық мәселесін де қайта көтеріп отыр. Газет тілшісі облыс орталығында үйлену тойын өткізуге қажетті негізгі шығындарды есептеп көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бәсекелестік те, баға да өсуде
Алдымен той шығынына қатысты өскемендік асабамен тілдесіп, тойды жүргізу құны қанша екенін сұрап көрдік. Оның айтуынша, қазір асаба қызметінің бағасы қосымша өнер көрсететін нөмірлерге байланысты өзгеріп отырады. Орта есеппен жүргізу құны — 500 мың теңге.
- Қазір биші, әнші және басқа да қосымша нөмірлерді қоса есептегенде, 500 мың теңгеге той жүргізуге болады. Дегенмен бекітілген баға жоқ. Құда, туыс-тума, дос-жаран деген ұғымдар бар. Соған қарай жеңілдіктер де жасалады. Сондықтан нақты осы баға деп айту қиын, – деді асаба Бақытжан Рахметулдин.
Оның сөзінше, Өскеменде той жүргізу саласындағы бәсекелестік те жоғары. Нарықта тәжірибелі жүргізушілермен қатар, бұл бағытқа жаңадан келіп жатқан жастар да бар.
- Бізде бәсекелестік жақсы. Өзімнің замандастарым бар, жаңадан шығып жатқан бауырларым да бар. Бұл сала жақсы дамып жатыр. Әрқайсысы өзгеше ойымен, креативті идеяларымен ерекшеленуге тырысады, - деді асаба.
Той шығынының негізгі бөлігі асаба қызметімен ғана шектелмейтіні белгілі. Мейрамхана, дастархан, безендіру, түсірілім де жалпы бюджетке әсер етеді. Осыған байланысты жақында тұрмыс құрған арумен де тілдесіп, қуанышты күнін ұйымдастыруға қанша қаражат жұмсағанын сұрап көрдік.
- Той жасауға 5 миллион теңгедей кетті. Қаладағы жақсы, үлкен мейрамханалардың өзі адам басына 15–16 мың теңге сұрайды. Біз жасаған мейрамханаға бір адам үшін 16 500 теңге төледік. Оған қоса, ет, сусын, жеміс-жидек сатып алдық. Шай үстелін де ұйымдастырдық. Ал көйлегімді 75 000 теңгеге жалға алдық. Фотограф, видеограф, мобилографты 100 000 теңгеге алдық. Безендіруге 110 000 теңге жұмсалды. Асабаға 350 000 теңге төледік. Таныс болған соң жеңілдік жасады. Әйтпесе, танымал асабалар миллионға жуық қаржы сұрайды. Қыз ұзатуда торт болмады. Би үшін 20 000 теңге кетті. Ал әнші, бишілерге 50 000 теңге төледік. Бұдан бөлек, құдаларға арналған дәм, киіт деген сияқты шығындар бар, - деді өскемендік ару Дариға Мұратова.
Сонымен, біздің есептеуіміз бойынша негізгі шығындар:
1. Мейрамхана. Той бюджетінің негізгі бөлігі банкет залына жұмсалады. Баға мейрамхананың деңгейіне, мәзіріне және қонақтар санына байланысты өзгереді. Өскемендегі той залдарында 100 адамға той өткізу құны шамамен 1 миллион 650 мың теңгеден басталып, 2 миллион теңгеге дейін жетеді.
2. Залды безендіру және фотозона. Қазір жас жұбайлар залды безендіруге де ерекше көңіл бөледі. Гүл композициялары, шарлар, фотозона, үстелдердің безендірілуі және неке қию рәсіміне арналған декорациялар тойдың ажырамас бөлігіне айналған. Залды безендіру құны орта есеппен 200 000 теңгеден басталады. Ал фотозона жасау немесе жалға алу шамамен 65–70 мың теңгеден басталады.
3. Асаба және өнерпаздар. Тойдың көңілді өтуіне жауапты басты адамдардың бірі – асаба. Өскеменде жүргізуші қызметінің бастапқы бағасы — шамамен 500 мың теңге. Тәжірибелі әрі танымал асабалардың қызмет ақысы бұдан да жоғары болуы мүмкін. Бұдан бөлек, би ұжымдары мен әншілер шақырылады. Бір би нөмірінің құны шамамен 20–30 мың теңге, ал әншілердің қызметі 15–30 мың теңге тұрады. Егер бірнеше өнерпаз шақырылса, бұл баптың өзі той бюджетіне едәуір салмақ түсіреді.
4. Фото және бейнетүсірілім. Қуанышты күнді есте сақтау үшін фотограф, видеограф немесе мобилограф қызметіне де жүгінеді. Тойды толық фото және бейнетүсіріліммен қамтамасыз ету құны шамамен 150 мың теңгеден басталады. Қызмет көлеміне, маманның тәжірибесіне және түсірілім ұзақтығына қарай баға жоғарылай береді.
5. Қалыңдық пен күйеу жігіттің киімі. Қалыңдық көйлегінің бағасы орта есеппен 70–80 мың теңгеден басталады. Дизайнерлік және брендтік көйлектердің бағасы біраз қымбаттауы мүмкін. Күйеу жігітке арналған костюмнің орташа бағасы — шамамен 50 мың теңге. Бұған қоса, аяқ киім, аксессуар, қалыңдықтың бет әрлеуі мен шаш үлгісіне де қаржы жұмсалады.
6. Көлік, гүл шоғы және торт. Той кортежі де — бюджеттегі жеке шығындардың бірі. Көлік жалдау құны шамамен сағатына 20 мың теңгеден басталады. Қалыңдықтың гүл шоғының бағасы 30 мың теңгеден басталса, ерекше авторлық композициялардың құны 70–100 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін. Ал торт көлемі мен дизайнына қарай 50–150 мың теңге аралығында тұрады.
Тойдың жалпы бюджеті қанша?
Жоғарыдағы негізгі шығындарды есептегенде Өскеменде шағын әрі ықшам тойдың өзі шамамен 5 миллион теңгеге түсуі мүмкін. Бұл есепке неке жүзігі, бал айына саяхат және кейбір қосымша шығындар кірмейді. Ал толыққанды, бұдан ауқымды тойдың бюджеті 6-8 миллион теңгеге жетуі ықтимал. Қонақ саны көбейіп, мейрамхана, асаба мен өнерпаздардың қызметі қымбаттаған сайын бұл сома да арта береді.
Алайда қазақ қоғамындағы той бір ғана кешпен шектелмейді. Көп жағдайда сырға салу, құдалық, беташар сияқты дәстүрлі іс-шаралар жеке ұйымдастырылады. Олардың әрқайсысына мейрамхана, киім, асаба, безендіру қажет. Сондықтан бір ғана үйлену тойына емес, барлық дәстүрлі шараға жұмсалатын қаражатты қоссақ, отбасының жалпы шығыны ондаған миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Той — қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Дегенмен қуанышты күнді атап өту мен шектен тыс шығындалудың арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Бір күндік думан үшін ұзақ жылдар бойы қарыз төлеу отбасылық бюджетке ауыр салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан қазір «елден қалмайын» деген ұстанымнан гөрі, отбасының қаржылық мүмкіндігіне қарай той жасау мәселесі өзекті болып отыр.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер