Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті ХХХ сессиясы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы» баяндамасын ұсынып, өңірдің маңызды көрсеткіштеріне тоқталды.
Белгілі болғандай, негізгі капиталға салынған инвестициялар 5%-ға өсіп, 431 млрд теңгені, құрылыс жұмыстары 24,5%-ға өсіп, 248 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3%-ға өсіп, 181 млрд теңгені құрады. 156 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға артық.
- Халықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы шамамен 15%-ға өсіп, 283 мың теңгені құрады. Нақты табыс 3%-ға өсті. Орташа айлық жалақы 8%-ға артты. Жұмыссыздық деңгейі 4,6%-дан аспайды. 11 мың жұмыс орны құрылды, оның 8 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Оның сөзінше, облыстық жобалар портфеліне 12 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 1,5 трлн теңгеге 103 бастама енгізілді. Биыл құны 63 млрд теңге болатын 12 нысанды пайдалануға беру және 1 300 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 342 млрд теңгеге шетелдік қатысумен 8 бастама енгізілді.
- Облыста 57 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Секторға салынған инвестициялар 260 млрд теңгеге, салық түсімдері 14%-ға өсіп, 117,5 млрд теңгеге жетті. Кәсіпкерлікті қолдауға 85 млрд теңге көзделген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 3 млрд теңгеге жуық 167 жоба мақұлданды, «Ақ-Ниет» бағдарламасы бойынша 578 млн теңгеге 94 бастама, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 6 млрд теңгеге 145 бастама қаржыландырылды. Сондай-ақ «Іскер аймақ» бағдарламасын іске асыру басталды, - деді өңір басшысы.
Ал агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс көлемі 3%-ға өсіп, 181 млрд теңгені құрады. Ет өндірісі 4%-ға өсіп, 86 мың тоннаға, сүт өндірісі 5%-ға өсіп, 155 мың тоннаға артты. Осы жылы Агроөнеркәсіптік кешеннің жол картасы шеңберінде жалпы құны 27 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Өнім экспорты 221 млн АҚШ долларын құрады.
- Егіс алқабы 611 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Су үнемдеу технологиялары 4 мың гектарға жуық алқапта енгізілуде. Мемлекеттік меншікке 47 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жері қайтарылды, бұрын қайтарылған 327 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспары орындалды, - деді Нұрымбет Аманұлы.
Пікірлер