A+ A A-

talgatzhan 38 Бүгін, 10:50 0

ШҚО-да қысқа мерзімді экономикалық индикатор 99%-ға жетті

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы облыс әкімдігінің кезекті отырсында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған негізгі міндеттер талқыланды.
ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Қорғанбекованың айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор өңірлік жалпы өнімнің негізгі салаларымен тікелей байланысты.
– Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 99%-ды құрады. Бұл көрсеткіш өңірлік жалпы өнімнің негізгі салаларындағы жағдайға тікелей байланысты. Жалпы өңірлік өнім құрылымында ең жоғары үлес өнеркәсіпке тиесілі – 46,5%. Сауда саласының үлесі 14%-ды, құрылыс саласының үлесі 7%-ды құрады, – деді Гүлшат Қорғанбекова.
Оның сөзінше, индикаторды одан әрі жақсарту үшін өнеркәсіп өндірісінің көлемін арттырып, сауда мен құрылыс салаларындағы оң динамиканы сақтау қажет.
Сонымен қатар 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған бірқатар міндет белгіленді.
-  Облыстың 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын іске асыру жөніндегі жол картасында қарастырылған іс-шараларды орындау қажет, - деді басқарма басышының міндетін атқарушы. 
Бұдан бөлек, 2027–2029 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қалыптастыруды аяқтау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тежеу бойынша тиісті шараларды іске асыру міндеті қойылды.
Әкімдік отырысының барысында облыс әкімі бірқатар сала бойынша нақты тапсырмалар берді. 
– Аппарат басшысы мен облыстық басқармалардың басшылары қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, облыс әкімдігі қаулысының жобасында көзделген міндеттер мен тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Кәсіпкерлік басқармасы қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, өнеркәсіп өндірісіндегі оң динамикаға қол жеткізу және 2026 жылдың қорытындысы бойынша болжамды көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараны қабылдауы керек, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ Туризм және инвестициялар басқармасына қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жеке инвестицияларды тарту, жаңа жобаларды қалыптастыру және қосымша шараларды қарастыру тапсырылды. Инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру қажеттігі де атап өтілді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив