Бұл туралы облыс әкімдігінің кезекті отырысында ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның айтуынша, өңірде мектеп инфрақұрылымын дамыту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
– Жыл басынан бері барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталды. Ал облыстағы 347 мектептің барлығы интернетке қосылған. Сондай-ақ өңірде апаттық және үш ауысымды мектептер жоқ, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, облыста жаңа білім беру нысандарының құрылысы жүргізілуде. Солардың бірі – Риддер қаласында салынып жатқан 600 орындық мектеп.
- Нысан әлеуметтік әріптестік аясында, 2023 жылғы 27 желтоқсанда жасалған Ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға сәйкес «Казцинк» ЖШС қаражаты есебінен бой көтеріп жатыр. Құрылысты 2026 жылғы тамыз айында аяқтау жоспарланған, - деді Қуат Оқасов.
Сонымен қатар өңірде 350 орынға арналған төрт мектептің құрылысы жүргізілуде.
- Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал ауылында 150 орындық, Сарыжыра ауылында 50 орындық, Марқакөл ауданындағы Төсқайың ауылында 100 орындық және Күршім ауданындағы Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп салынуда, - деді ол.
Білім басқармасының басшысы өңірдегі білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Пікірлер