Өңірде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бірінші сыныпқа қабылдау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағыттарына басымдық берілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Білім беру саласын дамыту және мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайту мақсатында бірқатар шара қолға алынды.
- Биыл 350 жаңа орын ашылды. Оның ішінде Өскемен қаласы мен Күршім ауданында 215 орындық екі балабақша іске қосылды. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған балабақшаларда 135 қосымша орын құрылды. Жыл соңына дейін тағы 470 орын ашу жоспарлануда, - деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов.
Сондай-ақ өңірде бірінші сыныпқа қабылдау жалғасуда. ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен кестеге сәйкес 10 маусымнан бастап балаларды 1 сыныпқа қабылдау OQU платформасы арқылы басталды.
- Бүгінде 1 сыныпқа 9 037 бала қабылданды. Оның ішінде 5 089 бала қазақ тілінде, 3 948 бала орыс тілінде оқитын болады. Ал оқулықтарды сатып алуға 215 млн теңге бөлінді. Оларды жеткізу және тарату жұмыстары 25 тамызға дейін жүзеге асырылды, - деді Қуат Оқасов.
Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да ерекше назар аударылуда.
- Есепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 200 бала тұр. Оның 2 801-і мектепке дейінгі, 10 399-ы мектеп жасындағы балалар, – деді білім басқармасының басшысы.
Пікірлер