Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов оқушыларды, педагогтер мен ата-аналарды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімінің сөзінше, Шығыс Қазақстандағы әр баланың сапалы білім алуға және өз қабілетін ашуға мүмкіндігі болуын қамтамасыз ету керек.
- Құрметті оқушылар, студенттер, ата-аналар және ұстаздар! Сіздерді Білім күнімен және жаңа 2026-2027 оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бірінші қыркүйек – жай ғана оқу жылының басталуы емес. Біреулер үшін бұл – алғашқы қоңырау, жаңа мектеп және тың жаңалықтар, енді біреулер үшін – жаңа сынып, маңызды емтихандар, болашақ мамандығын таңдау және арманына бастар келесі қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру жүйесінің алдына білім сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ету және балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау сынды маңызды міндеттер қойды. Біздің ортақ міндетіміз – Шығыс Қазақстандағы әрбір баланың сапалы білім алуға және өз қабілетін ашуға тең мүмкіндігі болуын қамтамасыз ету.
Біз өңірдегі мектеп инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз. Бүгінде жаңа мектептер салынып, білім беру ұйымдары заманауи құрылғылармен жабдықталуда. Облыстағы 347 мектептің барлығы интернетке қосылған.
Бірақ білім беру – бұл тек ғимараттар мен технологиялар ғана емес. Оның негізінде әрдайым адам, білім және дамуға деген ұмтылыс болады. Сондықтан біз Конституциямызда бекітілген стратегиялық бағыттар – адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлетін боламыз.
Қымбатты балалар! Сіздерге әрдайым сұрақ қоюдан қорықпай, жаңа дүниені үйренуге ұмтылып, бойларыңыздағы талант пен қабілетті барынша ашуды тілеймін. Болашақта кім болғыларыңыз келетінін бүгіннен бастап ойлап, армандарыңызға нық қадам басыңыздар. Алған білімдеріңіз өз жолдарыңызды дұрыс таңдап, алға қойған мақсаттарыңызға сеніммен жетуге жол ашсын.
Құрметті ұстаздар мен ата-аналар! Сіздерге сабыр мен күш-қуат тілеймін. Өздеріңіздің жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына қосып отырған үлестеріңіз зор.
Жаңа оқу жылы баршаңызға жаңа белестер мен жарқын жетістіктер әкелсін!
Білім күні құтты болсын! Жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін! - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер