
Жаңа оқу жылы басталды: ШҚО-да 10 мыңға жуық бала 1 сыныпқа қабылданды
Жуықта ұйымдастырылған облыс әкімдігінің отырысында балабақшалардағы орын тапшылығын азайту, мектеп инфрақұрылымын жаңарту, ерекше білім беру қажеттілктері бар балаларды қолдау мәселелері талқыланды. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жаңа оқу жылына жан-жақты дайындықтың маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бес мыңнан астам бала қазақ тілінде оқиды
Алдымен ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов саладағы маңызды көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын азайту мақсатында бірқатар шара қолға алынды.
- Биыл 350 жаңа орын ашылды. Оның ішінде Өскемен қаласы мен Күршім ауданында 215 орындық екі балабақша іске қосылды. Жұмыс істеп тұрған балабақшаларда 135 қосымша орын құрылды. Жыл соңына дейін тағы 470 орын ашу жоспарлануда, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен кестеге сәйкес өңірде 10 маусымнан бастап 1 сыныпқа қабылдау OQU платформасы арқылы басталды.
- Бүгінде 1 сыныпқа 9 037 бала қабылданды. Оның ішінде 5 089 бала қазақ тілінде, 3 948 бала орыс тілінде оқиды. Ал оқулықтарды сатып алуға 215 млн теңге бөлінді, - деді Қуат Оқасов.
Сондай-ақ ол аймақта жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының аяқталғанын жеткізді.
- Білім беру нысандары жаңа оқу жылына дайын. Биыл 1 млрд теңгеге құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді, - деді басшы.
Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да ерекше назар аударылуда. Есепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 200 бала тұр. Оның 2 801-і — мектепке дейінгі, 10 399-ы — мектеп жасындағы балалар.
Үш ауысымды мектептер жоқ
Білім басқармасының мәліметінше, мектеп инфрақұрылымын дамыту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
- Өңірде апаттық және үш ауысымды мектептер жоқ. Жыл басынан бері барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталды. 347 білім ордасының барлығы интернетке қосылған, - деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, биыл Риддерде 600 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Нысан әлеуметтік әріптестік аясында, 2023 жылы жасалған Ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға сәйкес «Казцинк» ЖШС қаражаты есебінен бой көтерді. Сонымен қатар өңірде 350 орынға арналған төрт мектептің құрылысы жүргізілуде.
- Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал ауылында 150 орындық, Сарыжыра ауылында 50 орындық, Марқакөл ауданындағы Төсқайың ауылында 100 орындық және Күршім ауданындағы Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп салынып жатыр, - деді Қуат Барысұлы.
«Инвестор тарту қажет»
Басқарма басшысы Қуат Оқасовтың мәліметіне сүйенсек, осы жылы педагогтерді аттестаттау жүйесіне ерекше назар аударылуда.
- Жаңа модель бойынша ұстаздарды аттестаттау кезінде олардың білімін бағалауға басымдық берілмейді. Оның орнына педагогтің кәсіби жетістіктері мен оқушыларының нәтижелері ескеріледі. Бұған дейін 12 критерий қарастырылып, барлығы орындалмаған жағдайда педагог келесі кезеңге өте алмайтын. Енді бұл талаптар алынып тасталды, – деді Қуат Оқасов.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін республикалық бюджеттен 3 мыңнан астам адамды оқыту жоспарланған. Қазір 2 мыңға жуық ұстаз тиісті курстардан өтті.
Әкімдік отырысының соңында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жауапты өкілдерге бірқатар тапсырма берді.
- Облыстық білім басқармасы Өскемен қаласы және Глубокое, Ұлан, Шемонаиха аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп, мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа орындар ашу және жеке балабақшалар салуға инвесторлар тарту жұмыстарын ұйымдастыруы қажет, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Сонымен қатар ол білім және цифрландыру басқармаларына жасанды интеллектіні дамыту және қолдану жөніндегі жол картасының іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер