Биыл өңірден 700 адам Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымға жіберу жоспарлануда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңы қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан Қорғаныс департаменті бастығының орынбасары Қазбек Ахметов мәлімдеді.
Әскерге шақырылатын жастарға тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына жіберілетін жеке шақыру қағаздары, сондай-ақ 1414 қызметінен SMS хабарламалар арқылы айтылады. Сонымен қатар, әскери тіркеу жүйесі цифрландырылып жатыр. Бұл қажетті ақпаратты алып, бірқатар қызметті қашықтан өңдеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, әскери қызметтен кейінге қалдыруды немесе босатуды eGov.kz порталы арқылы алуға болады. Барлық мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды әскери қызметке шақыруға байланысты мәселелерді ақшаға шешуді ұсынатын делдалдарға сенбеу туралы ескертеді. Әскери қызметтен жалтару заңмен жазаланады.
Барлық қажетті рәсімдерді сәтті орындаған әскерге шақырылушылар Қарулы Күштердің әскери бөлімшелері мен басқа да әскери құралымдарды толықтыруға жіберіледі.
Пікірлер