A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 13:00 0

Елімізде 4 мыңға жуық тазы тіркелген: Бүгін Қазақстанда тұңғыш рет Қазақы тазы күні аталып өтуде

Бүгін / Республика

3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақ тазысы күні алғаш рет аталып өтуде. Бұл атаулы дата 2024 жылы қазақ тазысының Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тарапынан алдын ала танылған күніне орай белгіленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда FCI қазақ тазысын алдын ала тану туралы тарихи шешім қабылдаған еді. Соның нәтижесінде тұқымға №372 халықаралық стандарт бекітіліп, Қазақстан оның шыққан елі ретінде ресми түрде танылды.

Ұлттық тұқымды халықаралық деңгейде таныту жұмыстары мұнымен тоқтаған жоқ:

2025 жылы Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде қазақ тазысының ресми таныстырылымы өтті.
2026 жылғы маусымда Болоньядағы (Италия) World Dog Show көрмесіне Қазақстаннан 12 тазы қатысып, ел намысын қорғады.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тұқымды сақтау мен халықаралық деңгейде популяризациялау жөнінде нақты міндет қойған болатын. 2023 жылы бұл бағытта тиісті заңнамалық негіз қалыптасты.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл жетістіктің артында үлкен еңбек жатқанын атап өтті.

Тазыны бүгінгі күнге жеткізген – оны ұрпақтан ұрпаққа сақтап келген аңшылардың, селекционерлердің, кинологтардың, ит иелері мен жанашыр азаматтардың еңбегі. Халықаралық деңгейде танылу – үлкен нәтиже. Бірақ біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Ең бастысы – тазының тұқымдық ерекшеліктерін, генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу, – деді ол.

Бүгінде Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымдық кітабында төрт мыңға жуық тазы ресми тіркеуде тұр. Еліміздің өңірлерінде иттердің шығу тегі туралы мәліметтерді жинау, асыл тұқымдық есеп жүргізу және олардың биологиялық сапасын арттыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар, Жетісу облысында демеушілердің қолдауымен және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының ғимараты салынып жатыр.

Болашақ орталықта тазы тұқымды иттерді ұстау және өсіру, олардың шығу тегін тіркеу және бірыңғай тұқым-тегі кітабын жүргізу, кинология саласы бойынша мамандар даярлау, аймақтық және халықаралық сынақтар, көрмелер, жарыстар ұйымдастыру көзделген.

Биыл 20 ақпанда Үкімет қаулысымен «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026–2036 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітілді. Бұл құжат алдағы он жылда мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен бұл саланы жүйелі түрде дамытуды қамтамасыз етеді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, FCI тарапынан алдын ала танылу – жұмыстың соңғы кезеңі емес. Алда тұқымның тұрақтылығын бірнеше буын бойы бақылау, генетикалық алуандығын, денсаулығын және өзіне тән табиғи қасиеттерін сақтау міндеті тұр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив