2026 жылғы шілдеде Қазақстандағы халыққа берілген кредиттердің жалпы портфелі 1,2% өсіп, 26,1 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 5,5% артқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұлттық валютада берілген кредиттердің ішінде тұтынушылық қарыз көлемі 0,7% өсіп, 17,4 трлн теңге болды. Ал ипотекалық қарыз 2,4% ұлғайып, 7,6 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері ипотекалық кредит көлемі 9,7% өскен.
Шілдеде халыққа теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа сараланған сыйақы мөлшерлемесі 20,3% болды. Маусымда бұл көрсеткіш 19,5% болған.
Өсім негізінен тұтынушылық кредиттер бойынша мөлшерлеменің 1,5 пайыздық тармаққа көтеріліп, 22,5%-ға жетуімен байланысты.
Ал бизнеске ұлттық валютада берілген кредиттердің орташа мөлшерлемесі 21,5%-ға дейін төмендеді. Бұл ірі бизнеске берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеменің 0,6 пайыздық тармаққа азайып, 18,8%-ға түсуіне байланысты болды.
Проблемалық қарыз көлемі қандай?
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банктердегі 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың үлесі 4,1% деңгейінде сақталды. Мұндай қарыздардың жалпы көлемі 1,9 трлн теңге болды.
Халықтың кредит портфеліндегі NPL90+ қарыздардың үлесі 0,1 пайыздық тармаққа төмендеп, 4,7% болды. Ақшалай көлемде бұл — 1,2 трлн теңге.
Ал бизнес кредиттеріндегі проблемалық қарыздардың үлесі керісінше 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, 3,9%-ға жетті. Оның көлемі — 625 млрд теңге.
Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен жабу деңгейі 60,4% болды. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 60,7% болған.
Пікірлер