Қазақстанда вакциналардың «суық тізбегін» бақылаудың цифрлық жүйесі кеңейтіледі. Вакциналарды сақтау температурасы арнайы датчиктер арқылы автоматты түрде бақыланып, тасымалдау кезінде GPS-мониторинг қолданылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, жүйе ел бойынша 3,5 мыңнан астам нысанды қамтып, вакциналардың қоймадан медициналық ұйымға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе тоңазытқыш жабдықтарындағы температура туралы мәліметтерді бірыңғай цифрлық платформаға автоматты түрде жібереді. Белгіленген температурадан ауытқу анықталса, мамандар мәселенің қай кезеңде туындағанын жедел анықтай алады.
Жоба аясында 21 мыңнан астам мониторинг нүктесін құру және еліміздің 20 өңіріндегі 800-ден астам мамандандырылған көлікті бақылау жоспарланған.
Сонымен қатар вакциналарды сақтауға арналған жабдықтар жаңартылып, аудандық медициналық ұйымдар үшін 900-ге жуық тоңазытқыш, сондай-ақ тоңазытқыш камералар мен мұздатқыштар сатып алынбақ.
Жобаның мақсаты – вакциналарды сақтау мен тасымалдаудың барлық кезеңінде «суық тізбектің» сақталуын бақылап, талаптардың бұзылу қаупін азайту.
Пікірлер