Ашылу салтанаты 1966 жылы негізі қаланған Құлынжон мектебінің 60 жылдығына арналған мерекелік іс-шарамен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алты онжылдық ішінде Самар ауданына қарасты шағын ауыл мектебі үлкен даму жолынан өтіп, бүгінде заманауи ауылдық білім берудің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған алаңға айналып келеді. Анықталғандай, соңғы жылдары ауылда білім беру инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді. Жаңа интернаттың ашылуы басқа ауылдық жерлерден келетін балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
– Ең алдымен, сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Қазақта “екі дүниең абат болып, екі тойың қабат болсын” деген сөз бар. Бүгін міне, жаңа нысандар ашылып, мектептің 60 жылдық мерейтойы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға стратегиялық міндет қойып отыр. Яғни, әр бала ауылда, яки қалада тұрса да, сапалы білім алып, саналы тәрбие алуға құқылы. Осы бағытта BI Group компаниясымен бірлесіп, аталған нысандарды салдық, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Мектептің 60 жылдығына арналған жиында арнайы конференция өтті. Онда сапалы білімге қатысты идеялар ұсынылды. Ал концерттік бағдарламада мектептің ардагер ұстаздарына арнайы сыйлықтар берілді.
– Міндетіміз – бір ауылда ғана жақсы мектеп салу емес. Біз ауыл баласының қаланың үздік мектептерімен салыстыруға болатын білім, инфрақұрылым және даму мүмкіндіктеріне ие бола алатынын көрсеткіміз келеді. Құлынжон – бұл идеяны іс жүзінде дәлелдеуге болатын орын, – деді мектеп директоры Аралбек Берікұлы.
Жиын соңында мектептің алғашқы түлегі бастауыш сынып оқушысына білім кілтін табыстады.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер