Аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар аудандық ауруханасына барып, медициналық мекемені қайта жаңғырту жоспарларымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аурухана тұрғындарға шұғыл және алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастап, консультативтік-диагностикалық, мамандандырылған, стационарлық және стационарды алмастыратын қызметтердің толық көрсетеді. Медициналық мекеменің тәулік бойғы стационарында 38 төсек-орын бар. Оның 23-і терапиялық, 15-і хирургиялық бағытқа арналған. Былтыр стационарда 700-ден астам пациент ем қабылдаса, күндізгі стационарда тағы 881 адамға медициналық көмек көрсетілген.
– Самар – жайлы аудан. Халқы ұйымшыл. 2023 жылы қайтадан аудан болып құрылып, қазір дамып жатыр. Аурухананы жаңғырту аудандағы тарихи жаңалық десем болады. 53 жыл бұрын осы аурухананы өткізу рәсіміне қатыстым. Сол тұста бұл мекемеге алыс-жақын ауданнан адамдар келіп, ем алатын. Міне, бүгін осы ауруханамыз жаңа деңгейге көтерілгелі отыр, – деді ауыл тұрғыны Сайлау Күдербаев.
Бүгінде медициналық мекемеде 201 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 28 дәрігер және 91 орта буын медицина қызметкері бар. Аурухананың негізгі ғимараттары мен емхана 1973 жылы салынған. Қайта жаңғырту жобасы аясында ғимараттарды жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және медициналық бөлімшелерді заманауи талаптарға сәйкестендіріледі. Жұмыс 2028 жылға дейін жалғасатын көрінеді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер