Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз қалдырған 2 мыңнан астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өңірде полиция қызметкерлері қараусыз жүрген малдың алдын алу, сондай-ақ елді мекендер мен автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта облыста қараусыз жүрген малды уақытша ұстауға арналған 97 арнайы қора жұмыс істейді. Рейдтер барысында полицейлер қараусыз жүрген жануарларды анықтап, олардың иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Есепті кезеңде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша 2 мыңнан астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру және чиптеу жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Бұл жануарлардың иесін анықтауға және малды ұстауға қатысты жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Полиция тұрғындарға малды қараусыз қалдырмай, белгіленген орындарда жаюды және жануарларды уақытылы сәйкестендіруді ескертеді. Қараусыз жүрген мал анықталған жағдайда «102» арнасына хабарласуға болады.
Пікірлер