Қазақстан бойынша 2026 жылғы вегетация кезеңінде 1,2 млн гектар жерді суару үшін шамамен 11 млрд текше метр су алу жоспарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, бүгінгі таңда шаруаларға шамамен 11 млрд текше метр су беріліп, 1,16 млн гектар жер суарылды. Қазіргі уақытта вегетация маусымы аяқталу сатысына өтіп, қалыпты режимде жүргізіліп жатыр.
Шаруалармен кездесуден кейін Нұржан Нұржігітов «Достық» мемлекетаралық каналына барып, нысанның жұмысымен және әкімшілік әрі қызметтік ғимараттарда жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Қазіргі уақытта «Достық» каналында 62 маман еңбек етеді. Су ресурстары және ирригация министрінің тапсырмасы бойынша олардың жалақысы орта есеппен 55%-ға көтерілді. Қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 94 мың теңгеден 226 мың теңгеге дейін өсті.
Нұржан Нұржігітов нысанды аралап, диқандармен тағы бір кездесу өткізді. Кездесу барысында шаруа қожалықтарының өкілдері суару кезеңі аяқталғаннан кейін «Достық» каналын механикалық әдіспен тазалау туралы ұсыныс білдірді.
Су саласы мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында биыл еліміздің оңтүстігіндегі барлық бес облыста суару маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ете алдық. Суды пайдалану лимиттерін сақтау, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру және ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқарту сияқты шаралар су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Биллинг жүйесін енгізу және келісімшарт жасау процесін цифрландыру суды бөлуді барынша ашық етіп, бүкіл су шаруашылығы саласында тәртіп орнатуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да жұмысымызды осы бағытта жалғастырамыз, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Пікірлер