A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 16:00 0

Елде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 85 дерек анықталды

Бүгін / Республика

Қазақстан жыл басынан бері адам саудасына қатысты 85 қылмыстың жолын кесіп, заңсыз көші-қонның тоғыз арнасын жойды. Бұл туралы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің ішкі істер министрлерінің кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы күресті күшейту мәселесі талқыланды. ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мұндай қылмыстарды анықтаумен қатар, олардың алдын алу және зардап шеккендерді қорғау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Қазақстан БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп, адам саудасының құрбандарын анықтау жөніндегі іс-қимыл алгоритмін әзірлеп, бекіткен.

Кездесуде заңсыз көші-қонды ұйымдастыруда қолданылатын жаңа тәсілдерге де назар аударылды. Қылмыстық топтар мигранттарды заңдастыру үшін жалған жұмысқа орналастыру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу және жалған шақыру жасау сияқты схемаларды пайдаланатыны айтылды.

— Мұндай схемалар көбіне бір елдің шегінен шығып кетеді, сондықтан оларға қарсы бірлесіп іс-қимыл жасау қажет, — деді Ержан Сәденов.

Осыған байланысты министр ТМҰ елдері арасында заңсыз көші-қон арналары, оларды ұйымдастырушылар мен тасымалдаушылар, сондай-ақ адам саудасының құрбандары туралы жедел ақпарат алмасуды тұрақты жолға қоюды ұсынды.

Сонымен қатар еңбек мигранттары арасында қанау белгілерін анықтауға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізуді ұсынды.

— Біздің ортақ міндетіміз — жекелеген фактілердің жолын кесумен ғана шектелмей, ұйымдастырушылар мен делдалдардан бастап, адамдарды тікелей қанаумен айналысатындарға дейінгі бүкіл тізбекті анықтау. Ең бастысы — зардап шеккендердің өздерін уақтылы анықтап, қорғау, — деді министр.

Еске салайық, биыл жыл басынан бері Мьянма, Камбоджа және Лаоста құлдықта болған еліміздің 17 азаматы қайтарылғаны жөнінде жазған едік.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив