Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде «Соттар мен мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тіл: процестік құжаттарды сапалы ресімдеу мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты сол, мемлекеттік тілде әзірленетін процестік құжаттар сапасын жақсарту. Одан бөлек, құжаттарды ресімдеудің бірыңғай талаптарын сақтап, соттар мен мемлекеттік органдар арасындағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының санын арттыруға да басымдық беріледі.
Дөңгелек үстел жұмысына сот жүйесінің өкілдері, облыс прокуратурасының Басқарма прокуроры Еламан Есқали, Мәдениет басқармасының Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы директоры Әсемгүл Абзалова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айнұр Мұстафина қатысты.
Іс-шара барысында мемлекеттік тілдегі процестік құжаттарды әзірлеу мен ресімдеудің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар сот актілері, талап арыздар, қаулылар, ресми хаттар және басқа да құқықтық құжаттарды дайындау кезінде кездесетін тілдік, стилистикалық және терминологиялық мәселелерге назар аударды.
Қатысушылар пікірінше, мемлекеттік тілдегі құқықтық құжаттардың сапасы тек тіл нормаларын сақтау тұрғысынан ғана емес, олардың мазмұнының нақтылығы, логикалық жүйелілігі және азаматтарға түсінікті болуы тұрғысынан да маңызды.
Сонымен қатар құқықтық терминдерді бірізді қолдану, аударма арқылы дайындалатын құжаттардың сапасын арттыру, мемлекеттік тілде кәсіби құжат әзірлеу дағдыларын жетілдіру мәселелері сөз болды.
Іс-шара соңында соттар мен мемлекеттік органдардың құжат айналымында мемлекеттік тілдің қолданылу сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылып, өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығы атап өтілді. Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар мемлекеттік тілдегі процестік құжаттардың сапасын арттыру – құқықтық сауаттылықты қамтамасыз етудің және азаматтардың мемлекеттік органдар мен сот жүйесіне деген сенімін нығайтудың маңызды факторларының бірі екенін атап өтті.
Өз тілшіміз
Фотосурет: www.advokatt.kz
Пікірлер