Жаз мезгілінде Қазақстанның республикалық маңызы бар автожолдарындағы 28 ақылы учаскеде 25,8 млн-нан астам көлік жүріп өткені тіркелді. 1 маусым мен 31 тамыз аралығында тәулігіне орта есеппен 281 мыңға жуық көлік ақылы жолдарды пайдаланған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ дерегіне сүйенсек, ең көп сұранысқа ие бағыт Алматы – Қонаев автожолы болды. Үш ай ішінде бұл учаскеде 4,3 млн-нан астам көлік өткені тіркелген.
Екінші орында Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағыты тұр – 2,68 млн көлік. Үшінші орынға Шымкент – Тараз учаскесі жайғасты – 1,87 млн көлік.
Он жолға барлық көлік ағынының 71%-ы тиесілі
Көлік қозғалысы жоғары бағыттардың қатарында Тараз – Қайнар, Астана – Теміртау, Астана – Щучинск, Шымкент – Қызылорда және Қонаев – Талдықорған учаскелері де бар.
Жалпы алғанда, ең көп жүктемеге ие он ақылы жол учаскесінде 18,2 млн-нан астам көлік жүрген. Бұл ақылы жолдар желісіндегі жазғы жалпы көлік ағынының шамамен 71%-ын құрайды.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, сұраныс ірі қалаларды байланыстыратын бағыттарда ғана емес, танымал туристік аймақтарға апаратын жолдарда да жоғары болып отыр.
Олардың қатарында Астана – Щучинск, Щучинск – Көкшетау, Қарағанды – Балқаш, Қызылорда – Арал және Үшарал – Достық бағыттары бар.
Пікірлер