Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі 2040 жылға қарай жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін жеткізіледі. Бұл туралы жыл сайынғы «Орталық Азия және Каспий мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеу — 2026» саммитінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, саммит аясындағы «Шикізаттық модельдің орнына мұнайды терең өңдеу» сессиясында ведомствоның Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру басқармасының басшысы Назым Бекбатырова 2025-2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын таныстырды.
Жаңа тұжырымдама Қазақстанның мұнай саласында шикізаттық модельден терең өңдеуге біртіндеп көшуге бағытталған. Құжат аясында мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кезең-кезеңімен жаңғырту және кеңейту, мұнайды өңдеу тереңдігін арттыру, мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту және мұнай-химия өндірісін дамыту көзделген.
Нәтижесінде мұнай өңдеу көлемін жылына 39 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осылайша мұнай өндіру мен өңдеу арақатынасы қазіргі 5:1 деңгейінен 2,5:1-ге дейін жақсарады.
Саланы дамытуға қажетті инвестиция көлемі 15-19 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Жоба аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, мұнай өңдеу саласының ғылыми-технологиялық базасын күшейту және мұнай өнімдері мен мұнай-химия өнімдерінің экспортын ұлғайту жоспарланған.
— Тұжырымдама алты негізгі бағытты қамтиды. Олар — ішкі нарықты отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету, мұнай-химия өндірісін ұлғайту, қолданбалы ғылымды дамыту, кадрлық әлеуетті күшейту, өндірісті заманауи технологияларға бейімдеу және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, — делінген хабарламада.
2040 жылға дейін мұнайды өңдеу тереңдігін 89%-дан 94%-ға дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар мотор отынының сапасы К5+ экологиялық сыныбына дейін жақсартылады. Бензол мен параксилол өндірісін де ұлғайту жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мұнай-газ кәсіпорындарындағы өндірістік бақылауға қойылатын талаптар күшейтілгенін жазған едік.
Пікірлер