A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 16:00 0

Гаджеттерді түнде қуаттауға қалдыру неге қауіпті

Бүгін / Республика

Телефон, планшет және басқа да электрондық құрылғыларды түнде немесе ұзақ уақыт қараусыз қуаттау қысқа тұйықталу мен өртке әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, ақаулы қуаттағыш немесе зақымдалған кабель құрылғының шамадан тыс қызып кетуіне, қысқа тұйықталуға және соның салдарынан өрттің шығуына себеп болуы ықтимал.

Әсіресе гаджеттерді төсек, диван, жастық немесе көрпенің үстінде қуаттау қауіпті. Жұмсақ материалдар жылудың қалыпты таралуына кедергі келтіріп, құрылғының қызып кету қаупін арттырады.

Сондай-ақ қуатталып жатқан телефон мен басқа да құрылғыларды перде, қағаз және тез тұтанатын өзге заттардан алыс ұстау қажет.

– Түнде адам ақауды немесе құрылғының қызып кеткенін дер кезінде байқамауы мүмкін. Ал болмашы техникалық ақау қысқа уақытта өртке ұласуы ықтимал. Сондықтан қуатталып жатқан гаджеттерді қараусыз қалдырмау қажет, – деп ескертті ТЖМ.

Мамандар тек жарамды әрі сапалы қуаттағыштарды пайдалануға кеңес береді. Зақымдалған кабельдер мен ақаулы электр жабдықтарын қолдануға болмайды. Құрылғы қуатталып болғаннан кейін адаптерді электр желісінен ажыратқан жөн.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.

Айта кетейік, Атырауда жыл басынан бері тұрғын үйлерде 90 өрт тіркелді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив