A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 16:15 0

Алтай ауданында 10 млн теңгеден астам мемлекет қаржысын жымқырған есепшіге үкім шықты

Бүгін / Алтай

Алтай аудандық соты «Алтай қаласының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы бас есепшісі Анна Соколоваға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Hronika.kz-ке сілтеме жасап.

Сот әйелді қызметтік жағдайын пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтарына сәйкес кінәлі деп таныды.
Соколова бұл бөлімде 2016 жылдан бастап жұмыс істеген. Ал 2019 жылдан бастап мекеме мүлкін пайдалану құқығына ие болды. Қылмыстың жаңа схемамен өрбуіне бөлім басшысы себепші атанды. Қаржылық операцияларды жеделдету мақсатында өзінің «Казтокен» электронды цифрлық қолтаңба кілтін Соколоваға беріп қойған. Осылайша бас бухгалтер құжаттарға бірінші қол қою құқығына ие болды. Мұның алдында олай ету тек бөлім басшысының құзыретіне жататын.
Сот мәліметінше, 2024 жылдың қаңтарынан бастап Соколова жалақы, іссапар және еңбекке жарамсыздық құжаттарына қатысты жалған есептер жасаған. 2024 жылы 10 ай ішінде жиынтығы 4,55 млн теңге жымқырды. Осы жылдың ақпанынан бастап күйеуі Петр Соколовтың шотына 2,1 млн теңге аударылған.
Былтыр жаз-күз айларында бухгалтер өзіне жалақыны көбейтіп аударуды жалғастырған. Кейін күйеуінің атына тіркелген «Сокол Инвест» ЖШС-ға да ақша аударды. Алайда 2011 жылы тіркелген бұл компания нақты қызмет атқармай, орындалған жұмыс есебін тапсырмаған.
Жеке кәсіпкер атынан рәсімделген жалған есепшотқа тағы 857 мың теңгеге жуық, ал жеке кәсіпкер шотына 367 мың теңге аударылды.
2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудиторлық тексеріс нәтижесінде келтірілген жалпы шығын көлемі 10 066 970 теңге деп белгіленді.
Сотта әйел кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды толығымен өтеген. Іс қысқартылған тәртіппен қаралды. Сот оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айырды. Бірақ кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жазаны орындау екі жылға шегерілді.
Сонымен қатар сотталған әйелден өтемақы қорына 78 640 теңге өндірілді.

Баян ӨТЕПҚАЛИ
Фотосурет: vlast.kz

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив