Өскеменде жастар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған «Не? Қайда? Қашан?» облыстық зияткерлік турнирі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында ұйымдастырылған іс-шара облыстық ішкі саясат басқармасының «Шығыс Қазақстан облысы жастарының зияткерлік әлеуетін қолдау және дамыту» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қолға алынды.
Зияткерлік додаға облыстағы жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының I-II курс студенттерінен құралған 20 команда, ұзын-саны 100 қатысушының басын қосты.
– Турнирдің басты мақсаты – жастардың зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, олардың бойында жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет және қоғамдық тәртіп сияқты құндылықтарды қалыптастыру. Себебі, «Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқықтық талаптарды сақтау емес, ең алдымен әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады, – делінген ақпаратта.
Сайыс барысында қатысушылар түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап беріп, білімін, тапқырлығын, логикалық ойлау қабілеті мен жылдам шешім қабылдау дағдыларын көрсетті. Командалар үшін әр кезең ортақ пікірге келіп, ақпаратты талдауды және уақытты тиімді пайдалануды талап етті.
– Осындай зияткерлік алаңдар жастардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың пікір алмасу, өз ойын дәлелдеу және қарсы пікірді құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қасиеттер қазіргі қоғамда белсенді әрі жауапты азамат қалыптастыру үшін маңызды, – деді қатысушылар.
Турнир барысында командалар арасында тартысты бәсеке орнап, жастар жоғары белсенділік танытты. Нәтижесінде Шәкәрім атындағы №1 орта мектеп оқушыларынан құралған «Әділет жастары» командасы жеңімпаз атанды.
Іс-шараның атауы мен мазмұнының өзі жастар арасында заңды құрметтеу, әділеттілік пен тәртіпті сақтау құндылықтарын нығайтудың маңызын көрсетеді. Мұндай бастамалар жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен көшбасшылық қабілеттерін дамытуға жол ашады.
– Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру – қоғамның барлық мүшесіне ортақ міндет. Ал бұл жұмыста жастардың орны ерекше. Білімді, саналы және жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі, – деді ұйымдастырушылар.
Аймақта жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін қолдап, азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын көрінеді.
Пікірлер