Согра шағынауданында 25 жастағы тұрғын полицияға хабарласып, бірнеше рет ит қапты деп шағымданып тұрғанда, жануар оған қайтадан тап берген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оқиға кезінде қыз полиция операторына иттің қаңғыбас емес екенін, жергілікті автосервис аумағында жүретінін айтқан.
– Бұл қаңғыбас ит емес, жергілікті автосервис аумағын кезіп жүреді. Ол бұған дейін маған да, итіме де шабуыл жасаған, – деді ол.
Жануар телефон арқылы сөйлесіп тұрған қыздың қолынан тістеп алған. Алғашында зардап шеккен тұрғын қолы сынған болуы мүмкін деп ойлаған.
– Өте қорқынышты әрі ауыр болды. Бұл жануардан қорғана алмай қаламын деп ойладым. Қолымнан келгені – айқайлау ғана еді. Сол кезде бір ер адам жүгіріп келіп, итті қуып жіберіп, мені құтқарып қалды, – деді тұрғын.
Оқиғаны телефон арқылы естіп тұрған полиция операторы патрульдік жасақтың оқиға орнына шыққанын айтып, қыздан жедел жәрдем қажет пе екенін сұраған. Аталған жағдайдан соң итті арнайы жерге апарған. Ал зардап шеккен қыздың жарақаттары әлі толық жазылмаған. Қазір ол оңалтудан өтіп жатыр. Қыздың анасы сол күні көмекке келген азаматты тауып, оған алғыс айтқысы келеді. Оның сөзінше, ер адам қызын құтқарғаннан кейін бірден кетіп қалған. Зардап шеккен тұрғын оның аты-жөнін де, көлігінің нөмірін де есте сақтап үлгермеген.
Осыған байланысты отбасы оқиға кезінде көмек көрсеткен азаматтан хабарласуын сұрайды. Онымен +7 705 461 6166 нөмірі арқылы байланысуға болады.
Пікірлер