A+ A A-

talgatzhan 38 Бүгін, 12:30 0

260 млн теңге өтелмесе, Алтай қаласы тұрғындары жылусыз қалуы мүмкін

Бүгін / Алтай

Алтай ауданына қарасты қала тұрғындары жылу және сумен жабдықтау компаниясына 260 миллион теңге қарыз. Берешек уақтылы өтелмесе, жылыту маусымының өтуіне қауіп төнуі мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Тепловодцентраль» КММ әкімшілігі мәліметінше, аталған көлемдегі берешекке осы жылдағы есепшоттар да кірген. Сонымен қатар кәсіпорынның алдағы жылыту маусымына қажетті көмір мен электр энергиясын қоса алғанда, жеткізушілерге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төленбеген шоттары жиналған.

Кәсіпорын өкілдері тұрғындар мен жеке кәсіпкерлердің коммуналдық қызметтер бойынша қарызын уақтылы өтеу маңызды екенін атап өтті.

– Төлемдердің кешіктірілуі компанияның банк шоттарына тыйым салынуына әкелуі мүмкін. Бұл қаржылық операциялар мен жеткізушілермен есеп айырысуды тоқтатып, нәтижесінде жылыту маусымының бұзылуына себеп болуы ықтимал. Осыған байланысты тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерді қарыздарын мүмкіндігінше тез арада өтеуге шақырамыз, – деді «Тепловодцентраль» КММ әкімшілігі.

Айта кетейік, тамыз айының соңында Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырған болатын. Әсіресе елдің солтүстік және шығыс өңірлеріне ерекше назар аударылды.

– Халыққа және коммуналдық қызмет көрсету саласына көмірді уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мәселесін ерекше атап өткім келеді. Көмір өндіруден бастап, оны халыққа сатуға дейінгі бүкіл жеткізу процесін қатаң бақылау қажет. Аймақтардағы жеткізудің үзілуіне, бағаның негізсіз өсуі мен дүрбелеңге жол бермеуіміз керек, – деген болатын Бектенов.

Сонымен қатар премьер-министр көмірмен жабдықтау процесіне қатысушылардың барлығына қолданыстағы цифрлық платформа арқылы жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.

Әкімдіктерге жылыту маусымына дайындық барысында туындаған мәселелерді жедел шешу міндеттелді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив