A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 17:00 0

Елде 127 млрд теңгенің алаяқтық операциясына тосқауыл қойылды

Бүгін / Республика

Қазақстанда антифрод жүйесінің көмегімен 127 миллиард теңге көлеміндегі алаяқтық әрекеттің жолы кесілді. Бұл туралы Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit 2026 аясындағы National Antifraud Awards 2026 марапаттау рәсімінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық Антифрод-орталығы 2024 жылы Ұлттық төлем корпорациясының жанынан құрылып, банктерді, төлем және микроқаржы ұйымдарын, мемлекеттік органдарды, құқық қорғау құрылымдары мен байланыс операторларын бір цифрлық платформаға біріктірген. Қазір жүйеге 270-тен астам ұйым қосылған.

Платформа қатысушылары күдікті операциялар туралы ақпаратпен онлайн алмасып, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік алады. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, осы жүйенің үйлесімді жұмысының арқасында 127 млрд теңгенің алаяқтық операциясына тосқауыл қойылған.

Марапаттау рәсімінде алаяқтықпен күреске үлес қосқан полиция департаменттері мен қаржы ұйымдары үздік деп танылды.

«Жыл қайтарымы» номинациясында Түркістан облысының полиция департаменті жеңімпаз атанды. Аталған санатта Жетісу және Қызылорда облыстарының полиция департаменттері де финалист болды.

Ал «Сенімді серіктес» номинациясында Астана полиция департаменті үздік шықты. Алматы қаласы мен Атырау облысының полиция департаменттері финалист атанды.

Қаржы ұйымдары арасында Freedom Bank «Жылдың антифрод-серіктесі» атанса, Kaspi Bank «Сенімді серіктес» номинациясында жеңімпаз болды. Halyk Bank қаржылық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.

Ұлттық Антифрод-орталығын дамытуға қосқан үлесі үшін WhyHappen, Еуразиялық банк, Bereke Bank және Freedom Bank арнайы марапаттарға ие болды. Олар алаяқтықты анықтау мен алдын алуға бағытталған «Сессиялық антифрод» пилоттық жобасына қатысты.

Ұлттық төлем корпорациясының басқарма төрайымы Жанар Самаеваның айтуынша, алаяқтықпен тиімді күресу үшін ортақ инфрақұрылым, деректермен жедел алмасу және барлық тараптың үйлесімді жұмысы қажет.

— Алдағы міндет – тәуекелдерді ерте сатыда анықтап, азаматтарға материалдық залал келтірілмей тұрып алаяқтық операциялардың жолын кесетін құралдарды дамыту. Antifraud Awards марапаты осы іске сүбелі үлес қосып жүргендердің еңбегін айшықтайды, — деді ол.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив