A+ A A-

talgatzhan 0 Кеше, 10:30 0

Өскемендегі киім бағасын қымбаттатып сатқан дүкен тұтынушыға ақшасын қайтаруға міндеттелді

Бүгін / Өскемен

Бұл туралы өңірдегі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жыл басталғалы департамент ішкі сауда саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 116 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылған 40 заң бұзушылық анықталған. Анықталған фактілер қатарында тауар бағасын баға жапсырмасында дұрыс көрсетпеу, сөресінде көрсетілген бағадан қымбатқа сату және тауар құнын ұлттық валютамен көрсетпеу жағдайлары бар.
Осындай жағдайлардың бірі Өскеменде тіркелген. Қала тұрғыны дүкеннен жейде сатып алған. Сөресінде оның бағасы 2 990 теңге деп көрсетілгенімен, кассада сатып алушыдан 3 990 теңге алынған.
Бағадағы 1 мың теңге айырмашылықты байқаған әйел дүкен әкімшілігіне жазбаша шағым қалдырған. Алайда оған жауап берілмпті.
Осыдан кейін тұтынушының өтініші негізінде дүкенге жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң бұзушылық расталған. Тексеру қорытындысында серіктестікке ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабы 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Сондай-ақ дүкенге сатып алушыға артық төленген 1 000 теңгені қайтару міндеттелген.
Департамент өкілдері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 24-бабына сәйкес сатушы тауарды баға жапсырмасында көрсетілген құн бойынша сатуға міндетті екенін еске салды.
Мамандар тұрғындарға тауар сатып алу кезінде оның бағасын мұқият тексеріп, төлем түбіртегін сақтап қоюға кеңес берді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив