Қазақстанда жыл басынан бері мемлекеттік қолдаудың арқасында бес көркем фильмнің өндірісі аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 17 киножобаны аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
– 2025 жылы Кино орталығына мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетуге 2,6 млрд теңге, ал 2026 жылы 3,6 млрд теңге бөлінді, – делінген ведомство жауабында.
2024 және 2025 жылдардағы конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша таңдалған киножобаларды өндіруге Кино орталығына 2,5 млрд теңге берілген.
Қазір 20 киножоба өндіріс үстінде. Оның 17-сін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Олардың қатарында 12 көркем фильм, 1 қысқаметражды фильм, 3 анимациялық туынды және 1 деректі фильм бар.
Ал 2025 жылы 7 киножобаның өндірісі аяқталған. Оның ішінде 1 көркем, 3 деректі және 3 анимациялық фильм бар. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында мемлекеттік қолдаумен бес көркем фильмнің өндірісі аяқталды.
Ал 2025 жылы прокатқа 10 фильм шыққан. Олар – «Капитан Байтасов», «Игроманка», «Qaitadan», «90+1», «Ароматное сердце», «Тезек», «Joqtau», «Fake-овый арман», «Тарлан» және «Алтын адам» анимациялық фильмі.
Биыл қаңтар айынан бері алты фильм көрерменге жол тартты. Атап айтқанда «Жұмақтан билет», «Әбіл», «Осенний бриз», «Құт», «38. Соңғы нүкте» және «Бүркітші» фильмдері прокатқа шықты. Сонымен қатар биыл деректі жанрдағы «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» фильмі де көрермен назарына ұсынылды.
Жыл соңына дейін мемлекеттік қолдаумен түсірілген тағы екі туындыны кең прокатқа шығару жоспарланып отыр. Көркем жанрдағы «Mūğalım» фильмі 8 қазанда, ал «Алан туралы аңыз» анимациялық фильмі 22 қазанда көрерменге жол тартады.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.
Пікірлер