Өскемендегі Амфитеатр алаңына мыңнан астам студент, ерікті мен волонтер жиналды. Акцияға өңірдегі жоғары оқу орындарының мыңнан астам студенті шақырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Акцияға қала әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев, облыстық «Әділет» партиясының басшысы Жанат Мекеева және ШҚО Полиция департаментінің өкілдері қатысты,
Шараның негізгі мақсаты сол, өскелең ұрпақ арасында есірткі қолданудың және құқық бұзушылықтың алдын алу.
– Бұл қала жастары үшін өте пайдалы әрі маңызды шара. Қоғамның ауыр дертіне айналған нашақорлықпен барлығымыз бірігіп күресуіміз қажет. Өскеменді салауатты өмір салтын ұстанатын қала ретінде дамытуға атсалысу біздің ортақ міндетіміз, – деді Болатбек Мамарбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға өңірдегі жоғары оқу орындарының мыңнан астам студенті қатысты.
– Жастар мен студенттер арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі шара ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі акция – соның бірі. Оған өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысып жатыр. Бұдан бөлек, есірткі жарнамасы мен граффитилерін анықтап, жою бойынша рейд жүргізу жоспарланған, – деді ШҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сағатбек Малтүгелов.
Амфитеатр алаңында сахна құрылып, қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылды.
– Жастар арасында осындай шаралар ұйымдастырылғанын дұрыс деп санаймын. Қаншалықты жақсы заманда өмір сүріп келе жатсақ та, кейбір жастар теріс жолға түсіп жатады. Соның алдын алу үшін осындай шараларды ұйымдастыру қажет, – деді Қазақстан-Американ еркін университетінің 1-курс студенті Әлия Мұратова.
Пікірлер