Биыл 3 қарашада Қазақстанның білім беру саласына елеулі үлес қосқан жаңашыл педагог Жәдігер Қазыкеновтің өмірден өткеніне 10 жыл толады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жәдігер Есімханұлы 1939 жылы Катонқарағай ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, кейін өңірдегі бірнеше мектепті басқарды. Ұзақ жылдар жинаған тәжірибесі оның білім беру ісіне жаңаша көзқарас қалыптастыруына негіз болды.
Педагогтің жаңашылдыққа толы кезеңі Өскемендегі облыс шопандарының балаларына арналған мектеп-интернатпен байланысты. 1990 жылы оқу орнына директор болып келген ол араға бір жыл салып, мектепті политехникалық бағыттағы облыстық қазақ лицей-интернаты етіп қайта құрды.
Мұнда оқушыны тек мектеп бағдарламасымен шектемей, болашақ мамандығына ерте бейімдеуге басымдық берілді. «Экономика», «экология», «техникалық зерттеулер» бағыттары бойынша арнайы курстар енгізіліп, жоғары оқу орындарының оқытушылары техникалық пәндерден сабақ берді. Ол жылдары мұндай тәжірибе өңірдегі басқа білім ошақтарында болған жоқ.
Кейін лицей Шығыс Қазақстан облыстық техникалық-экономикалық лицей-интернатына айналды. Жәдігер Қазыкеновтің бастамасымен лицейдегі емтихандары жоғары оқу орнына түсу сынақтарымен ұштастырылды. Осылайша, өзіндік оқу жоспары мен ережесі бар «лицей – колледж – жоғары оқу орны» жүйесі қалыптасты. Сол кезеңде мұндай білім беру құрылымының ТМД-да баламасы болмаған.
Бұл жүйе шәкірттің мектеп қабырғасынан бастап кәсіби бағытын айқындауына мүмкіндік берді. Лицей түлектерінің көбі кейін білім, ғылым, мемлекеттік қызмет, мәдениет және экономиканың түрлі саласында еңбек етті.
Жәдігер Қазыкенов басшы ғана емес, тәжірибелі ұстаз еді. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген педагог оқушының дайын білімді жаттап алуына емес, өздігінен ой қорытып, пікір айтуына мән берді. Шешендік қабілетін дамытуға, шығармашылық ізденісіне жол ашуға ерекше көңіл бөлді.
Оның ізденісі бір оқу орнының шеңберімен шектелген жоқ. Педагог еліміздегі лицейлер мен гимназияларды дамыту, дарынды балаларды қолдау, республикалық олимпиада жеңімпаздарын жоғары оқу орнына қабылдау тәртібін жетілдіру жөнінде Білім министрлігіне бірқатар ұсыныс жолдады. Лицей-интернаттарды қаржыландыру мен колледжден кейін білімін жалғастыратын студенттерге мемлекеттік грант беру мәселелерін де көтерді. Бұл ұсыныстардың бірқатары кейін білім беру жүйесіне енгізілді.
Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі мен тың бастамалары арқылы Жәдігер Қазыкенов өңірдегі білім беру ісінде өзіндік із қалдырды. Ол қалыптастырған тәжірибе нәтижесі бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген шәкірттерінің жетістігінен көрінеді.
Пікірлер