A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 14:15 0

Өскеменде ардагерлер тоғызқұмалақтан үздіктерді анықтады

Бүгін / Өскемен

Өңірде аудандық ардагерлер ұйымдары мүшелері арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Қатысушылар тоғызқұмалақты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушылардың ұлттық ойынға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік бар екенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жарысқа ерлер 63 жастан, әйелдер 61 жастан бастап қатысты.
– Тоғызқұмалақ – ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген, әлемге танылып келе жатқан ұлттық спорт түрі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спорт түрлерінің олимпиадалық спортпен қатар заң жүзінде тең мәртебеге ие болғанын айтқан еді. Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы спортшылары жүлделі орындарға ие болды. Сондықтан бүгінгі жарыстың маңызы ерекше, – деді ШҚО Ұлттық спорт және тоғызқұмалақ федерациясының мүшесі, жарысты ұйымдастырушы Назгүл Сейітказиева.
Ұлттық ойынды бірнеше жылдан бері насихаттап жүрген ардагер ұстаз Бекболат Сағынбайұлы да жарысқа қатысты. Ол Қасым Қайсенов кентіндегі Райымжан Мәрсеков атындағы мектепте ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен.
– Тоғызқұмалақты 1980 жылдардан бері ойнап келемін. Туған ауылым – Абай облысы, Жарма ауданы, Қызылағашта ұстаз болып еңбек еттім. Сол кездің өзінде мектепте тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастыратынмын. Кейін Қасым Қайсенов кентінде де шәкірттер дайындадым. Бүгінде шәкіртім Келібаев Гүлжан Румынияда өтетін халықаралық жарыста бағын сынайды, – деді ол.
Ардагер ұстаздың айтуынша, тоғызқұмалақты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушылардың ұлттық ойынға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік бар.
– Тоғызқұмалақты мемлекеттік бағдарламаға да енгіздік. Оқушылар ұлттық ойынды меңгеріп, оны дәріптей алады. Тоғызқұмалақ – төл ойынымыз. Ақсақалдар кеңесінде республика көлемінде жеті бағыт белгіленген. Соның бірі – ұлттық ойындарды дамытып, дәріптеу. Осы бағытта мектептер мен спорт мектептерінде тоғызқұмалақты дамытып жатырмыз, – деді Бекболат Сағынбайұлы.
Жарыс барысында қатысушылар ұлттық ойынға деген қызығушылықтарын көрсетті. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар ардагерлердің белсенді өмір салтын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив