Бүгін шаһардағы «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында Зайсан ауданының жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауданның жергілікті тауар өндірушілері әралуан өнімін қала тұрғындарына ұсынды. Жәрмеңке «Дала дәмі» акциясы және «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында қолға алынды. Сөрелерден ет, сүт және сүт өнімдері, сары май, балық пен балық өнімдері, құрт, ірімшік, тары, талқан және басқа да азық-түлікті кездестіруге болады. Аудан әкімінің орынбасары Ермек Қорабаевтың айтуынша, жәрмеңкеге барлық округ әкімдігі қатысты.
- “Дала дәмі” акциясы мен “Туған жер – алтын бесігім” жобасы аясында Өскеменге келдік. Ет, сүт өнімдерін, тары, талқан және өзіміздің брендтік өнімдер әкелінді. Бүгінгі жәрмеңкеге ауданның тоғыз округі түгел қатысып отыр. Жалпы 10 тоннадан астам ет өнімін жеткіздік. Оның ішінде сиыр, қой және жылқы еті бар. Бағалар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен, – деді Ермек Қорабаев.
Қолына ала дорбасын қыстырған қалалықтар ірі қара етіне сұраныс білдіріп жатты. Кейбірі сол жерде саудаласты. Мұнда жылқы етінің келісі – 3800 теңге, сиыр еті – 3600 теңге, қой еті – 3400 теңге болды. Сонымен қатар құрттың келісі 5000 теңгеден, тары 1300 теңгеден, ал талқан 1000 теңгеден саудаланды.
9:30-да басталады деген жәрмеңкеге тұрғындар мен қонақтар ертерек жиналды. Сатып алушылардың айтуынша, мұндай шаралар отбасылық бюджетке тиімді.
- Жәрмеңке десе, ұшып-қонып келеміз. Таңғы 8:30-дан бері жүрміз. Төрт келі етті 15 мың теңгеге алдық. Одан бөлек талқан, сары май да сатып алдым. Базарға барып алсаң, қымбатқа түседі. Бұрын жыл сайын соғым соятын едік. Биыл соймадық. Сондықтан осындай жәрмеңкелерді жағалап жүрміз. Халыққа өте қолайлы. Оның үстіне ауыл өнімдері тікелей қалаға жеткізіледі, – деді Сәулехан Темірбек.
Жәрмеңке тек сауда-саттықпен шектелмей, мәдени-спорттық шаралар да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ерлер мен әйелдер арасында қол күресінен жарыс өтті. Қатысушылар күш сынасып, жеңімпаз атануға тырысты. Жарыс қорытындысында жеңімпаздарға Зайсан ауданының ақын-жазушыларының кітаптары, сондай-ақ тары мен талқан салынған сыйлықтар табысталды.
Пікірлер