Өңірде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір 241 мың гектар алқаптағы егін орылып, жоспардың 97 пайызы орындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл шаруалар әр гектардан орта есеппен 17 центнер өнім алып, жалпы 412 мың тонна астық бастырған. Өңірде барлығы 611 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға көп.
Майлы дақылдарды жинау да жалғасып жатыр. Облыс әкімдігі ақпаратынша, қазірде жоспарланған алқаптың 35 пайызы, яғни 90 мың гектар жиналды.
– Әр гектардан 20 центнерден астам өнім алынып, 182 мың тонна майлы дақыл бастырылды. Жалпы, егін жинау жұмыстарына 1445 комбайн мен 9504 трактор жұмылдырылған. Шаруаларға жеңілдетілген бағамен 19 мың тонна дизель отыны бөлініп, оның 10 мың тоннадан астамы жеткізілді, – делінген ақпаратта.
Өңірдегі астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 829 мың тоннаны құрайды. Оның 229 мың тоннасы лицензияланған элеваторларға тиесілі.
– Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы аясында өңір шаруаларына көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарына 22 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» арқылы жалпы құны 16,6 млрд теңге болатын 474 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы лизингке берілген, – делінген ақпаратта.
Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 3,4 млрд теңге бөлініп, оның 99 пайызы шаруаларға төленді.
Айта кету керек, бүгінде облыстағы егін жинау науқаны штаттық режимде жүріп жатыр. Негізгі жұмыстарды оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқтау жоспарланған.
Пікірлер