1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында егде жастағы тұрғындар бос уақытын тиімді өткізу үшін қайда барып, немен шұғылданып жүргені туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде өңірде зейнет жасындағы 135 мыңнан астам адам тұрады. Олардың қатарында 30-дан астам ұзақ жасаған азамат бар. Өңірде белсенді ұзақ өмір сүру тұжырымдамасы аясында спорттық және бос уақытты тиімді өткізуге арналған алаңдар желісі дамып келеді. Қазір шамамен 4 мың зейнеткер 175 алаңдағы 292 үйірмеге қатысады.
Өткен жылдан бастап Өскеменде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеп келеді. Мұнда қарт адамдарға 19 бағыт бойынша сабақтар мен қызметтер ұсынылады. Олардың қатарында йога, емдік дене шынықтырудың екі бағыты, тренажер залы, скандинавиялық жүріс, тоғызқұмалақ, бильярд, дойбы, шахмат, үстел теннисі, вокал, би, музыкалық аспаптарда ойнау, арт-терапия, киіз басу, тігін тігу және басқа да сабақтар бар.
Биылғы маусым айында Катонқарағай ауданындағы Достық үйі базасында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының филиалы ашылды. Оның жұмысы қарт тұрғындар үшін әлеуметтік және сауықтыру қызметтері қолжетімділігін арттыруға, соның ішінде шалғай ауылдардағы азаматтарды қамтуға бағытталған. Сонымен қатар бұл бастама олардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, әлеуметтік оқшауланудың алдын алуға ықпал етеді.
Қолдаудың тағы бір бағыты – курорттық сауықтыру. Жыл басталғалы «Уба» шипажайында 3 620 адам сауықтырудан өтті. Оның 3 309-ы – зейнеткерлер, тағы 130 адам – мүгедектігі бар азаматтар.
Пікірлер