
ШҚО-да басқарма басшысы облыс әкімінен жылыту маусымын сәтті өткізу үшін 2 млрд теңге қаражат сұрады
Облыс бойынша 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Өңірдегі жылу электр орталықтары дайындығы 99 пайызды құраса, дербес қазандықтардың барлығы қысқы кезеңге дайын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Наурызбай Сармурзиннің айтуынша, жылыту маусымына дайындық бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары мен инфрақұрылымды жаңғыртуға 28,3 млрд теңге қарастырылған.
– Бүгінде облыстағы үш жылу электр орталығының дайындығы 99 пайызға жеткен. Сонымен қатар 34 орталықтандырылған қазандықтың дайындығы аяқталуға жақын. Ал 212 дербес қазандықтың барлығы алдағы күзгі-қысқы кезеңге толық дайын, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін отын қорын қалыптастыру жұмыстары да жалғасып жатыр.
– Өңірге жылыту маусымына 3 млн тоннадан астам көмір қажет. Көмір жеткізу жұмыстары «Қаражыра» АҚ және «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлескен кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Қала және аудан әкімдіктері ақпаратына сәйкес, бүгінде тұрғындар 324,6 мың тонна көмір немесе жалпы қажеттіліктің 72 пайызын дайындаған. Осыған байланысты облыс әкімдігінен алдағы қысқа сапалы дайындық жүргізіп, жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін облыстық бюджеттен 2 млрд 582,8 млн теңге қаражат бөлу мәселесін қолдауды сұраймын, – деді Наурызбай Сармурзин.
Аталған қаражаттың 630 млн теңгесі Риддер жылу электр орталығын жөндеуге, ал 1 млрд 953,7 млн теңгесі көмір жеткізуге бағытталмақ.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жылыту маусымына дайындықпен қатар коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық жағдайы мен қосалқы жабдықтардың жеткіліктілігіне назар аударды.
– Біріншіден, 2,6 млрд теңге сұрадыңыз. Осы орайда Экономика басқармасымен қандай жұмыс істеп жатырсыздар? Сіздер қаражат сұрайсыздар. Бірақ коммуналдық кәсіпорындарда қарыздары бар. Оны ескеру керек. Сонымен қатар жылыту маусымында қазандықтарға байланысты түрлі болып жатады. Қосалқы жабдық қажет болатыны анық. Қажетті көлемдегі жабдықтарды дайындадыңыздар ма? Ертең мәселе туындамай ма? – деді Нұрымбет Аманұлы жуықта облыс әкімдігінде өткен жиында.
Сондай-ақ өңір басшысы Өскеменді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Оның айтуынша, электр энергиясының өшуіне байланысты келеңсіз жағдайларға жол бермеу қажет.
– Қала бойынша электр энергиясын сенімді қамтамасыз етуді тапсырдым. Жылдағыдай тағы келеңсіз жағдайлар болады. Электр энергиясы өшеді. Оны жөндеу де бірнеше сағатқа созылады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Басқарма басшысы барлық қажетті жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта коммуналдық кәсіпорындардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыстар жүргізіліп, қажетті шаралар бақылауда ұсталады.
– Бізде жоспарға сәйкес барлығы дайын. Бұл сұрақ бойынша әр кәсіпорынмен жиналыс өткізудеміз. Осы мәселелерді бақылауда ұстаймыз. Биыл өткен жағдайларды ескере отырып, бүкіл кәсіпорынмен бірігіп, тиісті шаралар қабылдаймыз, – деді Наурызбай Сармурзин.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер