Облыстық Полиция департаменті жыл басталғалы шаһардағы қоғамдық демалыс орындарынан «102» арнасына түскен шақыртуларға талдау жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Полиция мәліметінше, ойын-сауық орындарынан барлығы 926 шақыру тіркелген. Тәртіп сақшылары «Сибинка» кафесіне – 42 рет, Bike Club түнгі клубы – 40 және Soprano караоке-барына 30 рет барып, тексерді.
Шақыртулардың басым бөлігі қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты болған. Атап айтқанда, тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық және келушілер арасындағы жанжалдарға байланысты хабарламалар түсті.
Полиция мәліметінше, осы шақыртулардың 30-ы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар анықталып, барлығы ашылды. Атап айтқанда, 10 бұзақылық, 6 ұрлық, сондай-ақ тонау, алаяқтық, мүлікке қасақана зиян келтіру және билікті теріс пайдалану фактілері бар.
Полиция «102» арнасына келіп түсетін ақпаратты жедел жағдайды талдау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарында пайдаланады. Сонымен қатар ойын-сауық орындары өкілдерімен кездесіп,, заң талаптарын сақтау шаралары түсіндіріледі.
Пікірлер