A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 14:45 0

Өскеменде еркін күрестен республикалық деңгейдегі еске алу турнирі өтіп жатыр

Бүгін / Өскемен

Жасөспірімдер арасындағы додаға Алматы қаласы, Абай, Жетісу, Павлодар облыстары мен ШҚО-ның бірқатар ауданынан келген спортшылар қатысып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында еркін күреске деген қызығушылықты арттырып, спортшылар шеберлігін шыңдау және ел спортына еңбегі сіңген тұлғаның есімін кейінгі буынға насихаттау.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт және спорт инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Әйгерім Елемесованың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы осындай бәсекелер болашақ чемпиондардың томағасын сыпырады.
– Бүгін еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, Кеңес Одағының спорт шебері Мұсабек Қапановты еске алуға арналған жарыс өтіп жатыр. Бұл ауқымды турнирде өзін көрсетіп, жүлде алғысы келетін жасөспірімдер үшін маңызды дода. Жарыс жастардың спортқа, оның ішінде еркін күреске деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді, – деді Әйгерім Елемесова.
Ресми ақпаратқа сенсек, жарысқа Алматы қаласы, Абай, Жетісу және Павлодар облыстарынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Марқакөл, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Үлкен Нарын және Шемонаиха аудандарынан спортшылар бақ сынап жатыр.
Мұсабек Қапановтың өмірі мен еңбек жолы еркін күреспен тығыз байланысты. Ол ұзақ жылдар бойы жас спортшыларды жаттықтырып, ауқымды додаларға қатысуына жол ашқан.
Бапкердің жары Амангүл Қапанова жұбайымен 46 жыл бірге өмір сүргенін айтып, оның спортқа деген еңбегі мен шәкірттеріне жасаған қамқорлығын еске алды.
– Үш баламыз, жеті немереміз бар. Спорттағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Көп еңбек етті. Спортты бастағаннан кейін бір-екі жыл ішінде Спорт шебері атанды. Бүгін жолдасымды еске алып, жасөспірімдер арасында еркін күрестен жарыс өтіп жатқанына қуаныштымын. Дүниеден өткеніне ұзақ жылдар болды. Бірақ әлі күнге дейін жастар, спортшылар ұлықтап, еске алады, – деді марқұмның жары.
Жарысқа қатысушылар үшін бұл дода тек спорттық бәсеке емес, тәжірибелі бапкердің өнегелі жолын еске алатын тағылымды шараға айналды.

 
Мұсабек Қапановтың алғашқы шәкірттерінің бірі Мәлік Нәдірбеков те ұстазының спорттағы жолына тигізген әсерін атап өтті. Оның сөзінше, бапкері жас спортшыларды жарыстарға дайындап қана қоймай, әрқайсысына ақылын айтып, үлкен спортқа баулыған.
– Мұсабек Қапановтың еркін күрестен бірінші шәкіртімін. Сол кісінің арқасында кез келген жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Ақылын айтып, спортқа баулыды. Республикалық, ауданаралық сайыстар болсын, бірге жеңіске жеттік. Кеңес Одағы көлемін қамтыған сайыста күміс жүлдегер атанғанмын, – деді Мәлік Нәдірбеков.
Ол бүгінгі жарыстың деңгейіне де тоқталып, алдағы уақытта бұл доданы халықаралық деңгейге дейін көтеруге мүмкіндік бар екенін айтты.
– Бүгінгі бәсекені халықаралық деңгейде өткізуге де болады. Өйткені бапкерім соған лайықты. Бұл жарысқа республиканың бірнеше облысынан спортшылар келді. Егер республикалық деңгейде өткізсек, Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшылар келер еді, – деді шәкірті.
Жарыс қожайыны саналатын шығысқазақстандықтар да тыңғылықты әзірлік жүргізген. Солардың бірі – Ұлан ауданынан келген команда. Қасым Қайсенов кентінде спортшылар жаттықтыратын Нариман Қожахметовтің айтуынша, ауданнан жарысқа 15 спортшы  келген.
– Өте жақсы дайындықпен келдік. Жарысқа дайындық өз ауданымызда өтті. Спортшылардың барлығы дерлік бабында. Енді бозкілемде өз нәтижелерін көрсетеді, – деді ол.
Осылайша, Мұсабек Қапановты еске алуға арналған жарыс жасөспірімдер арасында еркін күресті дамытып, жас палуандар тәжірибесін арттыруға бағытталды. Алдағы жылы көршілес елдерден спортшылар келсе, турнир көркі одан әрі қызатыны сөзсіз.

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосуреттер автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив